Айдын Қайруллаев: Қызмет алушының ризашылығы біз үшін қымбат
Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы кез-келген ХҚО бөліміне барсаңыз қызмет алып, жаңа құжатқа ие болып жатқан аналар мен зейнеткерлерге құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстап жатқан мамандарды кезіктіресіздер.
Мұны Халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа дәстүрі десе де болады. Осылайша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Қызылорда облысы бойынша филиал мамандары қызмет алуға келген әрбір жанға жылулық сыйлап, көңілдерін табуға тырысуда. Себебі, қазіргідей күдігі мен үміті қатар тұрған қиын кезеңде қамкөңілдерге кішкене болса да қуаныш сыйлап, күдігін сейілтуге қызмет етуде.
Азаматтардың көпшілігі алғаш жеке куәлік пен төлқұжатын, жүргізуші куәлігі мен сәбилерінің алғашқы құжаттарын алған кездерін естен шығармайды. Ал, олардың осындай ерекше сәттерінің куәсі – Халыққа қызмет көрсету орталықтары. Қызмет алушылардың қуанышты сәттерін бірге бөлісіп, жан жылуын сыйлайтын бұл бастама қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде де өткізілуде. Өміріндегі маңызды жайттармен байланысты құжаттарын рәсімдеуге келген әр тұрғын ХҚО бөлімінен көтеріңкі көңіл күймен шығып, сый-сияпаттарға ие болып жатыр.
"Қызмет алушының ризашылығы біз үшін қашан да қымбат. Бұл бастаманы қолдаудағы басты мақсатымыз азаматтарға жылу сыйлау болып табылады. Бір жағынан осындай көріністер мамандарымызға да қуат сыйлап, ХҚО ішінде ерекше көңіл күй орнайды" - дейді, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев.
Елімізде орын алған төтенше жағдайдан кейін тұрғындарымыздың көңілін көтеру мақсатында жасалып отырған бұл бастама көңіл қуантады. Бұл жерде сыйлықтың көлемі немесе бағасы маңызды емес, бастысы шын көңілден болуы. Әрдйым бір-бірімізге жылу сыйлап, қуантып жүрейік!