Ауыл шарушылығы – тұрақты экономиканың көзі
Kyzylorda-news.kz «Абзал и К» серіктестігіне «Nur Otan» партиясының жанындағы «Аграрлық сектор» бағытындағы аймақтық комиссия мүшелері жұмыс бабымен барды. Онда еңбек ұжымымен кездесіп, ауыл шаруашылығы бағыттағы жұмыстарды жетілдірудің жәй-жапсарын талқылады.
Өңірімізде мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер жетерлік. Сыр диқандары су тапшылығының туындауына қарамастан, биыл күріштің әр гектарынан орташа 61,8 центнерден өнім алып, 551 мың тоннадан астам ел қамбасына астық құйып, кезекті рекордтық көрсеткішті жаңартып отыр. Аграрлық салада өндірілген өнім көлемі 94,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға артқан.
Бұл тұста «Абзал және К» серіктестіктің ауылшаруашылық саласында, оның ішінде еліміздің күріш индустриясы саласында көрсеткіші жоғары. Компания республика бойынша күріш өндірісі үздіктерінің үштігіне кіреді. Сонымен қоса компания күрішті өндіру және өңдеу қызметімен айналысуда және ауыл шаруашылық саласына инвестиция құюда.
Бүгінде аталмыш серіктестік «Янтарь», «Лидер», «Анаит», «Фаворит» ақ күріштерін, «Камолино» күріш жармасын түр-түрімен, күріш ұсағы, күріш жемі, туралған және туралмаған күріш қауызын өндіреді. «Абзал және К» қарқынды жұмысының арқасында Елбасының қолынан республикалық «Алтын сапа» сыйлығының «Азық-түлік ауылшаруашылық өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясын иеленген болатын.
Айта кетейік, кездесу барысында еліміздегі Жер Кодексіне енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға байланысты шаруа қожалықтарының ұсыныс пікірлерін тыңдалып, ауылшаруашылық бағыты бойынша айналысу жолдары, бос жұмыс орындарының мамандарын қайта оқыту, жер-су мәселесі бойынша сұрақтар көтерілді. Кездесуде тиісінше әрбір сұраққа тұшымды жауаптар қайтарылды.