Қазалыда 10 тұрғын үй салынуда
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаржы бөлінген. Жобада бір үйде 4 пәтер, 10 үй, барлығы 40 пәтер қаралған. Жалпы ауданы 2284,6 шаршы метр. Әр пәтер екі және үш бөлмелі.
Жалпы, кентте 2017 жылы 18 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысы басталып, өткен жылы халық игілігіне берілді. Биыл тағы 1 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 18 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Яғни, 2019 жылы 5 арендалық тұрғын үй 31 көпбалалы отбасыға, оның ішінде 18-і ата-ана қамқорлығынан айырылған және жетім балаға, 31-і әлеуметтік осал топқа, 10-ы апаттық деп танылған тұрғын үйлері бар азаматқа, ал биыл 4-і көпбалалы отбасыға, 5-і ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балаға, 4-і әлеуметтік осал топқа, 5-і бюджеттік сала қызметкеріне беріледі.
Сондай-ақ, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысы салынады. Қазіргі таңда тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.