«Nur Otan»: Үміткерлер сайлаушылармен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Nur Otan» партиясы атынын ҚР Парламенті Мәжілісі мен облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлер Геннадий Шиповских, Гүлнар Есқалиева, Қанағат Сақтағанов, Жанат Садвақасова, Абайбек Жүнісовтің қатысуымен «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайық өмір!» тақырыбында «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылды. Партия мүшелері сайлаушылармен еркін форматтағы кездесу аясында сөз сөйлеп, партия тарапынан атқарылып келе жатқан ілкімді істер жайлы және де алдағы уақыт еншісіндегі байырқалы бастамалары туралы баяндады.
Сайлаушылар партия мүшелеріне облыс және қалаға қатысты маңызды деген халық көкейіндегі қадау-қадау мәселелер төңірегінде өз сауалдарын қойып, екі жақты пікір алмасты. Сондай-ақ, ел дамуының алдағы жылдардағы жоспары жайлы ойларымен бөлісті.
Айта кеткен жөн, сайлаушылар тарапынан қойылған сауалдардың басым бөлігі Сырдария өзенінің арнасын реттеу, облыстың экологиялық ахуалын жақсарту, қала көшелерін жарықтандыру, жөндеу төңірегінде болды.
Партия мүшелері «Nur Otan» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында халық тарапынан көтірелген мәселелердің назардан тыс қалмағандығын жеткізді.
«Соның ішінде өздеріңіз айтып отырған өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бағытында Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалудың екінші кезеңін іске асу, азаматтардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру мақсатында 27 денсаулық сақтау нысанын салу, 67 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту секілді өзекті мәселелерді шешетін болады»- деді өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісіне үміткер Геннадий Шиповских.
Кездесу соңында Мәжіліс, облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлерге сайлаушылар сәттілік тіледі. Жалпы кездесу барысында барлық санитарлық норма талаптары сақталды.