Қызылордада авто, вело, аттылар шеруі өтті
Kyzylorda-news.kz. «Менің туым, Менің Отаным!» бұқаралық челленджі аясында Қызылорда облысында барлығы 40 нысанға жүздеген Мемлекеттік ту орналастырылды. Сондай-ақ, барлық ауданда авто, вело, аттылы шеру өткізілді.
Ұлық мерекеде Сырдария ауданында аттылар шеруі ұйымдастырылды. Оған 30 шабандоз қатысып, Туды көкте самғатқан шабандоздар аудан орталығындағы көшелерімен жүріп өтті.
«Патриоттық шара жастарға қажет. Көше бойымен көк байрағымызды алып жүру арқылы біз ел бірлігі мығым, татулығымыз тұрақты екенін дәріптейміз. Жалпы, осындай бейбіт күнде өмір сүруіміз – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Мереке құтты болсын», – дейді атты шеруге қатысушы Хамзат Кеңесбаев.
Бұған қоса, авто, вело шерулер барлық ауданда ұйымдастырылды. Жастар еліміздің Көк байрағын орталық көшелерімен алып өтіп, ұлықтауда. Көк Туымен тұғырлы болған Қазақ елі мәңгіліктің даңғылына түскен керуен көшінің өн бойында жаңа заманның жылы лебі еседі. Шұғылалы күннің астында қалықтап ұшқан қыран да қазақтың алар биігі асқақ екенінен сыр шертетіндей. Рухымызды аспандатар көк байрағымызды жоғары көтерген шерушілердің басты мақсаты – Тәуелсіздіктің қадірін ұлықтау, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату.
Мереке күндері бұл шаралар лайықты жалғасын табады.