Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды құттықтады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Ескі жылға өкпеміз жоқ, қаншама қиындық болса да, ауызбіршілігіміздің арқасында ел болып еңсеріп, ауыртпалықты жеңе білдік. Жаңа жылға игілікпен, ізгі үмітпен қадам бастық.
Өткен жылы пандемия жағдайы қалыпты тіршілігімізге өзгеріс енгізді. Соған қарамастан өңіріміз үшін табысты жыл деуге болады. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша жағымды оң динамиканы сақтап қалдық.
Әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандары салынып, жылу, газ, электрмен жабдықтау инфрақұрылымдары жүргізілді, қаланың шеткі аймақтарындағы, елді мекендердегі жолдар жөнделді.
Қадірлі жерлестер!
Әрбір қол жеткізген жетістігіміз – Сіздердің зор еңбектеріңіздің жемісі.2020 жылды нәтижелі аяқтап, Сыр өңірінің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін!
Жаңа 2021 жыл Сіздерге жақсылық, отбастарыңызға амандық, мол ырыс-несібе әкелсін! Сыр қамбасы қазыналы болып, берекеміз арта берсін!
Еліміз еңселі, халқымыз бейбіт, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Жаңа жыл құтты болсын, ардақты жерлестер!