Швециялық ғалым «Болашақ» университетінде дәріс береді
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне 355 жылдық тарихы бар Швециядағы Лунд университетінен PhD доктор, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының техникалық кеңесшісі Осама Ахмет Махер студенттер мен магистранттарға арналған дәріс сабақтарын бастады.
Доктор Осама 10-17 наурыз аралығында төтенше жағдайдан кейін алғашқы көмек, экология мен медицина байланысы туралы сабақтарын өтетін болады. Дәріс бастамас бұрын Доктор Осамамен университет атриумында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ресми кездесу ретінде басталды.
Кездесуде университет ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Академигі Бақберген Досманбетов өзінің алғысөзінде университетте шетелдік профессорларды оқу үдерісінде тартуда әрдайым қолдау көрсетілетінін және біздің білім алушылар үшін әрдайым жағдай жасалатындығы, сонымен қатар доктор Осаманың дәрістерінде жастардың белсенді болып, тәжірибесін барынша қолдануға шақырды.
Сонымен қатар доктор Осама Ахмет Махер өз сөзінде «Болашақ» университеті, «Болашақ» жоғары медициналық колледжі және жоғары колледж студенттері мен магистранттары үшін өзінің дәрістерінде тәжірибесін толық көрсетіп, еркін форматта тыңдаушылармен диалогты түрде өткізетіндігін атап өтті.
Кездесу барысында Доктор Осама Ахмет Махерден кейін университет ректоры Қуаныш Дәуренбеков «Болашақ» университеті жұмыс барысы мен алдағы жоспарларымен таныстырып өтті. Ал кездесуден соң ғалым «Төтенше жағдайлар мен апаттарды басқару» тақырыбындағы алғашқы дәрісін бастап кетті.