Қызылорда облысы әлемнің 18 еліне өнім экспорттауда
Kyzylorda-news.kz. Сыр елінен алғаш рет Германия мен Нидерландыға 910,4 тонна қамыс және Өзбекстанға 136 тонна бидай ұны экспорталды.
Бүгінде аймақтан өндірілетін өнімдер әлемнің 18 мемлекетіне жөнелтілуде. Атап айтқанда, күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы, бидай ұны, сабан, мақсары майы, қауын және қарбыз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов мәлімдеді.
«2020 жылы өңделген өнім экспорты 96,7 пайызды құрайды. Сондай-ақ, су тапшылығына қарамастан 551,3 тоннадан астам күріш жиналып, жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Ал биыл 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу межеленіп отыр. Алайда күріштің көлемі 5,1 мың гектарға азайтылады. Оның орнына әртараптандыру бағыты бойынша дәнді, майлы дақылдар егілетін болады. Алдағы уақытта 6 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде тасқын суды жинауға және тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелерін толықтай шешуге мүмкіндік береді», – деді Бахыт Дүйсенұлы.
Суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша 3 жоба әзірленді. Олар, пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу және 158 мың гектар суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйесін жетілдіру жобасы. Аталған жобалар жүзеге асырылған жағдайда, суармалы жерлердің 80 пайызы қалпына келетін болады.