ЭКОЛОГТАР «СОЮЗ 2.1А» ЗЫМЫРАН-ТАСЫҒЫШЫНЫҢ БЛОГЫ ҚҰЛАҒАН ЖЕРДЕН СЫНАМА АЛУДА
«Ғарыш экология» ғылыми-зерттеу орталығы (ҒЗИ)» РМК мамандары «Прогресс МС-08» ғарыш кемесін орбитаға сәтті алып шыққан «Союз-2.1а» зымыран-тасығышының (ЗТ) жанама блоктары құлаған жерде экологиялық тексеру жұмыстарын жүргізуге кірісті, деп жазады kazcosmos.gov.kz.
«Ғарыш экология» ҒЗИ» РМК бас директоры Жайлаубай Жұбатов хабарлағандай, кәсіпорын мамандары зымыран-тасығыштың жанама блоктары құлаған жердің географиялық координаттарын анықтаған. Олардың барлығы Ю-25 аймағына: Қарағанды облысының Ұлытау ауданына құлаған.
«Ғарыш экология» ҒЗИ» РМК мамандары құлаған жердің ауасынан, топырағынан сынама алып, кәсіпорынның Жезқазғандағы жылжымалы зертханасына жеткізген.
«Ұшырылым штаттық режимде өтті, бірақ жұмыстарды жүргізуге ауа райы қиындық тудырып жатыр: аяз, қар, жел, боран болып жатыр және Балқаштағы тасжолда жол жабылды», - деп түйіндеді «Ғарыш-Экология» басшысы.