2026 жылдан бастап «Протон» зымыран-тасығышы Байқоңырдан ұшырылмайды
Kyzylorda-news.kz. Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин «Протон» зымыран-тасығышы ұшыру қай жылы толықтай тоқтайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресей тарапы «Байқоңыр» айлағынан «Протонды» ұшыруды қысқартып жатыр.
«Жалпы, «Протон» зымыран-тасығышын ұшыруды қысқартуға тоқталсақ, 2016 жылы тиісті уағдастыққа қол жеткізілді. Осы орайда жыл сайын «Протон» зымыран-тасығышы бес реттен артық пайдаланылмайтыны және 2026 жылға қарай бұл зымырандарды пайдалану толықтай тоқтатылатыны ескерілген», – деді министр депутаттардың сауалына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, 2020 жылы «Протон» зымыран-тасығышы бір рет ұшырылған. Ал 2021 жылға аталған зымыран-тасығыш бойынша Ресейдің жоспары әзірге ұсынылмаған.
«Қазір жылына бес рет пайдалану көрсеткішіне жетпейді. Олар бұл зымыран-тасығыштарды ұшыруды өздері қысқартып жатыр», – деді Бағдат Мусин.