«Бастау»: Арал тұрғыны ескі жиһаздарды жөндейді
Kyzylorda-news.kz. «Бастау» жобасы Арал ауданының тұрғыны Сәуле Елемесоваға қызығушылығын кәсіпке айналдыруға мүмкіндік берді.
Сәуле тігіншілікті анасынан үйренген. Кейін өзі Аралдағы шағын тігін шеберханасында жұмыс жасап тәжірибесін жетілдіреді. Кейін өзі тұратын сол өңірде жиһаз әзірлейтін кәсіпорында жұмыс жасап, жөндеуді, оларға қаптама жасауды үйренеді.
«2019 жылы таныстардан «Бастау» жобасында оқып, қолдарынан келетін тірліктерін кәсіпке айналдырып жатқанын айтты. Мен де қызығып кеттім. Шүкір, қолымнан тігін тігу де, жиһаз жөндеу де келеді. Сонымен ойлана келе хоббиімді кәсіпке айналдырмаққа бекіндім. «Бастау» жобасын оқып, кәсіпті бастау, жүргізуге қатысты құнды ақпараттар алдым. Білім көкжиегімді жетілдірдім», – дейді Сәуле Елемесова.
Курсты оқып, бизнес-жоспарын сәтті қорғап шыққан ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, 530 мың теңге қолдау алады.
«Кәсібімді бастайтын кезең өткен жылғы пандемия, карантин шектеулері уақытына сай келді. Дегенмен, карантин талаптары жеңілдетілген кезде көрші облыстан кәсібіме қажетті тігін машинасы, құрал-жабдықтар алып, қызметімді бастап кеттім», – дейді кәсіпкер.
Алғашқы тапсырысын жиһазға қаптама тігуден бастаған Сәуле кей жағдайда сынған мүліктерді жөндеуге де тура келгенін айтады.
«Бірінші кезде кей азаматтар тапсырысты орындай алатыныма күмәнмен қарады. Себебі ескі жиһаздардың кейбірі сынық болып келеді. Қолға ара алып, өзім жөндей салатынмын. Қаптамасын әзірлеу барысында да күшті қажет ететін сәттер жеткілікті. Сол жағынан әйел адам жасай алмайды ғой деп тартыншақтағандары болды. Бірақ жұмысымның нәтижесін көргеннен кейін алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде», – деп Сәуле Елемесова қызмет көрсету кезіндегі қиындықтарымен де бөлісті.
Бүгінде Аралда кәсіпкердің қызметіне сұраныс жоғары. Сәуле алдағы уақытта кәсібін кеңейту үшін жеңілдетілген несие алып, киім тігуді қолға алуды жоспарлап отыр. Ал өзі секілді кәсіп бастағысы келген жандарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, шағын болса да кәсіп ашып, еңбек етуге шақыруда.
Айта кету керек, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының берген ақпараты бойынша, «Бастау» жобасы аясында биылғы жылдың өзінде облыста 1-лекке 693 азамат оқуға қабылданып, 380-і «оқуды аяқтағандығы» туралы, 6-уы «қатысқандығы» жөнінде сертификат алып үлгерді. 252 қызылордалықтың бизнес-жоспары қаралуда. Ал 55 азамат оқуға қатыспағаны немесе қорытынды тестілеуде тиісті балды жинай алмағандықтан оқудан шығарылған.