Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Гүлшара Әбдіқалықова: Бұл – адамзат тарихындағы аса қасіретті кезең

Гүлшара Әбдіқалықова: Бұл – адамзат тарихындағы аса қасіретті кезең

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялады.

Бүгін – Қазақ елі үшін, қазақстандықтар үшін қасіретті де азалы күн.
«Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп зар жылаған санғасырлық тарихы бар халқымыздың басынан талай зұлмат жылдар өткені белгілі.

Соның ішінде, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық – миллиондаған жазықсыз адамдардың қаны мен көзінің жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттері.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығымен бұл күн «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күні болып бекітілді.

Кеңестік тоталитарлық жүйе Алаш зиялыларын қуғын-сүргінге ұшырату арқылы қазақ халқының ұлттық тәуелсіздікке деген арман-мақсатына тұсау салды. 1922 жылдан бастап алашордашыларды қудалау саясаты ашық түрде жүргізілді. Кеңестік солақай саясат озық ойлы, білімді, ел қамын ойлаған азаматтардан құтылудың жолдарын қарастыра бастады. Осындай құрбан болғандар арасында қасиетті Сыр топырағының перзенттері де болды.

Ал, адамзат тарихындағы ең қасіретті 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың азабын қаншама отбасы тартты. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен, зорлықпен жұрттың мал-мүлкі тартып алынды. Мәселен, 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болса, айналасы үш-төрт жылда төрт түліктің саны 10 есеге азайып 4 млн. құраған.

Аштыққа төтеп бере алмаған халық Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстанға амалсыз қоныс аударды. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың кесірінен Қазақстанда 3 млннан астам халық құрбан болды. Тарихи деректер зұлмат жылдары Кеңестер Одағына қарасты 15 одақтас республика арасында ең көп халық шығыны Қазақстанда болғандығын көрсетеді.

Жеті жұртқа мекен болған Сыр өңірін қуғын-сүргін кезінде Қиыр Шығыстан корейлер, Еділ бойынан немістер, Солтүстік Кавказдан қарашай-балқарлар, шешен-ингуштар, қырым татарлары мен месхет-түріктері паналады. Қазақ халқы оларды жатсынбай, дархан көңілін білдіріп, құшағын айқара ашты. Сыр өңірі оларға туған үйі бола білді.

Бұл – адамзат тарихындағы аса қасіретті кезеңдер еді.
Тәуелсіздіктің арқасында барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеп жатырмыз. Кезінде жалған жаламен қараланған, жазықсыз жапа шеккен есіл ерлер есімдері ақталып, ортамызға оралды.
Былтыр ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Соған сәйкес өңірлерде де облыстық комиссиялар құрылып, құрамына тарихшы ғалымдар, тарихтың ақтаңдақ беттерін зерттеушілер енгізілді.

Тарихымыздың қасіретті беттері, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары
әрқашан біздің жадымызда. Оларды әрдайым еске алып, ұмытпау – біздің қасиетті борышымыз.
Енді елімізде бұндай қасірет орын алмасын деп тілейміз!
Еліміз тыныш, халқымыз аман, Тәуелсіздігіміздің тұғыры нық, ғұмыры мәңгі болсын!
31 мамыр 2021 ж. 133 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области