«Ashyq» жүйесінде «қызыл» мәртебесі анықталған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады
Kyzylorda-news.kz. Бүгіннен бастап «Ashyq» жүйесі арқылы «қызыл» мәртебесі анықталған тұлғалар бойынша, бұрынғыдай ескерту емес, әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Егер азамат өзінің коронавирусқа шалдыққанын біле тұра, оқшаулану режимін бұзса, оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева баяндады.
«Бүгінге дейін қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына қызыл, сары мәртебелері анықталғандығы туралы 25 хабарлама келіп түсті. Оның 18-і сары, 7-уі қызыл түс. Олар кинотеатр мен қоғамдық тамақтану орындарына кіру барысында анықталған. Бұл фактілер бойынша жекелеген тұлғаларға қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысы шығарылып, табысталды»,-деді Ұлбосын Аханаева.
Қазіргі таңда кәсіпкерліктің 23 саласы бойынша қызмет көрсетушілер «Ashyq» жобасына қатыса отырып, карантин кезінде де өз жұмыстарын бастай алады. Атап айтқанда, кинотеатрлар, фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар, бассейндер, компьютерлік клубтар мен боулинг орталықтары сияқты кәсіпкерлік субъектілерінде іске асырылуда.
«Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және COVID-19-дың таралуын барынша азайту үшін «Ashyq» мобильді қосымшасын кез келген ЖОО, банктер, өнеркәсіптік кәсіпорындар, жеке медициналық орталықтар және басқалары ерікті қатысушы ретінде осы жобамен өз жұмысын жүзеге асыра алады. Жаңа қатысушылар «Ashyq» ақпараттық жүйесіне қатысуға өтінімдерді InfoKazakhstan.kz сайты арқылы береді. Ал кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану объектілері салалық қауымдастық арқылы жүгінуіне болады»,-деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.