«Яндекс.Такси» компаниясының Қазақстандағы қызметі шектелді ме?
Kyzylorda-news.kz. Сот «Яндекс.Такси» компаниясының Қазақстандағы қызметін шектеген жоқ, аппеляция жүріп жатқан кезде компания жұмысын жалғастыра алады, деп түсіндірді Алматы экономикалық соты.
«Шешім заңды күшіне енген жоқ және мәжбүрлеп орындау туралы ештеңе айтылмады. Істі қарау аясында сот компанияның қызметін шектеген жоқ», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Яндекс. Такси» тапсырысы ресімделетін ақпараттық жүйені пайдалану патентіне байланысты дау сотқа дейін жетті.
Шағымға сәйкес, «Яндекс.Такси Б.В.» тапсырыс беру жүйесін қолданған кезде патенттік құқықты бұзған. Себебі жүйедегі лицензиялық құқық «G-Taxi» қызметіне тиесілі.
19 мамырда Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Яндекс. Такси» қызметін Қазақстанда тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл шешім күшіне енбеді және шағымдануға болатыны айтылды.
Іс қаралып жатқанда компания өз қызметін жалғастыра алады, деп түсіндірді сот.
«Яндекс. Такси» сот талқылауларына түсініктеме беріп, бұл қызметтің республика аумағында жұмысын жалғастыратынын, сот шешіміне шағым түсіретінін айтты.