ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ «ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ПУЛЫ» ЖАСАҚТАЛУДА
Қазақстандық МедиаАльянс пен ҚР Энергетика министрлігі энергетика тақырыбына маманданған журналистер арасынан "энергетикалық пул" құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық МедиаАльянс құзырлы, объективті журналистиканы дамыту мен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеруді өз жұмысының негізгі бағыттарының бірі деп жариялаған болатын. Мұның барлығы журналистермен жүйелі әрі тығыз жұмысты, олардың қандай да бір тақырып бойынша білім көкжиегін кеңейтуді талап етеді.
Осы орайда МедиаАльянс Энергетика министрлігімен бірлесіп, көп қырлы және күрделі энергетика тақырыбына маманданған республиканың білікті журналистерінен сапалы және мобильді "энергетикалық пул" құру жұмыстарына кіріседі.
Акцияның алғашқы кезеңінде қазақстандық журналистер мен блогерлерден өтінімдер қабылданып, іріктеледі. Стратегиялық маңызды және қашанда өзекті энергия тақырыбына өзін бейім деп есептейтін мамандар ҚМА ресми сайтына мына құжаттарды жібере алады: - іріктеуге қатысуға өтінім; - өзі туралы толық түйіндеме; - аталған тақырып бойынша кез келген жанрдағы шығармашылық жұмыстары. Бастапқы іріктеуден өткен БАҚ өкілдері екінші кезеңде министрлік басшылығының баспасөз және блог-турларына, баспасөз брифингтеріне шақырылады.
Сонымен бірге, ҚР Энергетика министрлігі мен ҚМА белгілі салалық журналистердің, республикалық БАҚ жетекшілерінің қатысуымен оқыту семинарларын ұйымдастырады. Өтінім, түйіндеме және шығармашылық жұмыстар 2018 жылдың 20 наурызына дейін қабылданады.
Еске сала кетейік, өткен аптада елордада қазақстандық МедиаАльянс (ҚМА) өкілдері, республикалық БАҚ басшылары мен блогерлер ҚР Энергетика министрлігінің басшылығымен кездесті. Онда министр Қанат Бозымбаев БАҚ пен PR-құрылым қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, сапалы журналистік саланы дамыту бойынша арнайы курстар ұйымдастыру идеясын ұсынған еді.
Өз кезегінде МедиаАльянс аталған тақырыпқа маманданған журналистердің мобильді "энергетикалық пулын" құруда көмек көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен бірге, тараптар энергетика саласындағы стратегиялық маңызы бар ірі нысандарға кеңейтілген пресс-турлар ұйымдастыруға, онда 2-3 күндік оқыту семинарларын өткізуге уағдаласты. Мұндағы мақсат - "министрлік пулы" үміткерлерін іріктеп алу, оқыту және тәжірибеде шыңдау.