Жаңақорғанда 23 260 гектарға мал азықтық дақылдары орналастырылды
Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған ауданында жем-шөп дайындау үшін 23 260 гектар мал азықтық дақылдары орналастырылды. Бұл туралы аудан әкімі Руслан Рүстемов биыл жыл басынан бері ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндамасында айтты.
Атап айтар болсақ, 4 300 гектар жерге жаңа жоңышқа, 14 170 гектарға ескі жоңышқа, сондай-ақ 4 590 гектарға күздік бидай, 150 гектар жерге жаздық бидай және 50 гектарға жаздық арпа егілді.
«Биылғы ауа-райының қолайсыздығынан мал жайылымдары мен мал азығын дайындауда біршама қиындықтардың орын алуына орай, көршілес Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан мал азығы жоңышқа шөбіне сұраныстың артуы, жоңышқа шөбінің қымбаттауына себепші болып отыр. Қазіргі таңда, 14 170 гектар ескі жоңышқаның бірінші орымы толық аяқталып, 45 000 тонна шөп жиналды. Екінші орымға орақ түсуде», – дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар ауданда тау беткейіндегі ауылдарды сыр беткейіндегі күріш егумен және мал азығын дайындаумен айналысатын ауылдық округтерге орналасу ерекшелігіне қарай шөппен қамтамасыз ету бағытында бөлініс жасап, мал азығы дайындалуда.
«Тау беткейдегі Қыраш, Қосүйеңкі ауылдық округінің тұрғындары Аққорған ауылдық округіне қарасты «Түгіскен ТШ» ЖШС иелігіндегі 500 гектар егістік жағалауларындағы қалың мия аралас қамыс шөбін орып, қысқа мал азығын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, күріш, жоңышқа өсірумен айналысатын ауылдық округтерде бұл жұмыстар қарқынды жүргізіліп, тау беткейдегі мұқтаж азаматтар қажетті жем-шөппен қамтамасыз етілуде. Ауылдық округтерде өткізілген жиналыс барысында бірқатар азаматтар демеушілік жасады», – дейді Руслан Рүстемов.