Облыс әкімі Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтады.
Қымбатты жерлестер!
Бүгін – “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деп, қазақ халқының тарихы, тілі үшін күрескен, қазақ әліпбиінің негізін салған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Осы ретте, Қазақстан халқы тілдері күнін Ұлт қайраткерінің туған күнімен орайластырылып өткізудің де мәні бар.
Ел тәуелсіздігінің негізгі символы болып табылатын мемлекеттік тіл бүгінгі күні қоғамдық-саяси маңызға ие болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың тетігі болуға тиіс.
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі тіл саясатында толерантты тілдік орта қалыптастыра отырып мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың маңызы зор. Еліміздегі, соның ішінде Сыр өңіріндегі түрлі этнос өкілдерінің ішінде мемлекеттік тілді еркін меңгеріп қана қоймай, оны қызметте, өзара қарым-қатынаста қолдануы үйлесімді тіл саясатын қалыптастырып, ауызбіршілігімізді арттыра түспек.
Жыл сайын қыркүйек айында тіл мерекесін кең ауқымда атап жүрміз. Былтырдан бері шаралар карантин талаптарын сақтай отырып өтуде. Осы жылғы шаралар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып, қазақ қоғамының рухани құндылықтарын нығайту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылуда. Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы игі істер жыл көлемінде үздіксіз жүруде.
Ұлттық құндылығымыз болып саналатын тілімізді – ұлт тірегі десек, оны құрметтеу, ардақтау, қорғау баршамыздың парызымыз бен міндетіміз.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», – деп қадап айтты.
Сонымен бірге, жас ұрпақтың өзге де тілдерді меңгеруі егемен еліміздің халықаралық қатынастардағы қадамын кеңейте бермек.
Ал, мемлекеттік тілге деген құрмет пен ықылас ұлттық санамыздың биігіне көтеріліп, жалпыхалықтық мүдде кеңістігіне шығары сөзсіз.
Қадірлі тіл жанашырлары!
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын!
Қазақстан халқы тілдерінің күні құтты болсын!