Сәрсенбіге арналған ауа райы болжамы
Kyzylorda-news.kz. Сәрсенбіде антициклон республиканың басым бөлігіне әсерін сақтайды, сондықтан көбінесе жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Қазгидромет.
Солтүстік пен шығыста қар жаууы ықтимал. Ал еліміздің батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында желдің күшеюі, оңтүстігінде және батысында шаңды дауыл, солтүстігінде, шығысында, оңтүстік шығысында тұман күтіледі.
Жамбыл облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында тұман түседі, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында желдің күшеюі 15-20, екпіні 23-28 м/с. Маңғыстау облысының батысында, орталығында күндіз шаңды дауыл көтеріледі, желдің жылдамдығы 23 м/с жетеді.
Түркістан облысының таулы аудандарында жел тұрады – 15-20, екпіні 23 м/с.
Алматы облысының Алакөл көлдері ауданында, күндіз Атырау облысының батысы мен орталығында жел 17-22 м/с, Атырау облысында шаңды дауыл күтіледі.
Қызылорда облысының орталығында жел шаңды дауылмен 15-20 м/с күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысының шығысында, түнде Павлодар облысының солтүстігінде, Шығыс Қазақстан облысының шығысында тұман түсуі ықтимал.