Шиелі ауданында су тапшылығына байланысты күріш аз егілді
Kyzylorda-news.kz. Биыл Шиелі ауданы бойынша 30 189,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Күрiштің көлемі 12039 гектарды құрады. Сондай-ақ, су тапшылығына байланысты негізгі дақыл күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 314 гектарға дейін азайтылып, орнына суды аз қажет ететін көкөніс, бақша дақылдары егілді. Олардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 222,2 гектарға дейін артқан.
Күзгі егін жинау науқаны оңтайлы мерзімінде атқарылуда. Қазіргі таңда, ауданда күріштен басқа дәндік дақылдарды (күздік бидай, жаздық бидай, арпа, дән жүгері) және майлы дақылдардан мақсары мен сояны, картоп, көкөніс, бақша, дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. 8 915 гектар жерге егілген жоңышқадан 52 499 тонна ескі жоңышқа, 3 467 тонна жаңа жоңышқа өнім жиналды.
Аймақта күрішке орақ салу жұмыстары 27 тамызда басталды. Бүгінгі күні күріштің 11 931 гектарына (99,1%), орақ салынып, оның 11 321 гектары (94,0%) бастырылды. Әр гектарынан орташа 50-55 центнерден өнім алынуда.
Көктемгі егін егу жұмыс барысында жалпы 30 246 гектарға межеленген болатын.
Су тапшылығына байланысты 57 гектарға қысқартылды. Яғни 30 189,5 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Су тапшылығына байланысты суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайтып, әртараптандыру бағытында дақыл көлемі ұлғайтылды. Жуантөбе ауылдық округіне қарасты «Жер-Жомарт Д» ЖШС-і, Жиделі ауылдық округіне қарасты «Апбасов» шаруа қожалықтары су тапшылығының аз болуына қарамастан жоғары өнімге қол жеткізіп отыр. Сонымен қатар, Бәйтерек, Ақмая, Керделі, Иіркөл, Тұран, Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде өнім көрсеткіші жақсы болды.