Оқушылар күзгі демалысқа қашан шығады?
Kyzylorda-news.kz. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова оқушылардың күзгі демалысы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Оқушылардың күзгі каникул уақыты да жақындап қалды. Қазіргі кезде барлық мектепте жиынтық бағалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Келесі аптада барлық негізгі пәндер бойынша тоқсандық жиынтық бағалар қойылады. Кейін оқушылар демалысқа шығады. 1-7 қараша аралығында күзгі демалыс болады», – деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифингте.
Оның айтуынша, мектеп оқушылардың басым бөлігі екі ауысымда оқып жатыр. Бірақ үш ауысыммен (2 процент) оқитын балалар да бар.
«Бүгінде оқушылардың 86,4 проценті барлық санитарлық талапты сақтай отырып, штаттық режимде оқып жатыр. Аралас форматта – 11,6 проценті, сондай-ақ, ата-аналардың өтініштері негізінде 0,6 проценті қашықтан білім алуда», – деп атап көрсетті Каринова.
Осы орайда вице-министр сабақты онлайн форматта өткізу тәртібін түсіндірді. Егер сыныпта оқушы көп болса, онда сабақты қашықтан ұйымдастыруға рұқсат бар. Әрбір мектеп өзі шешім қабылдайды.