«Мейірімді қала – Қызылорда» атты акция өтті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев қала күні мерекесіне арналған қайырымдылық шарасына қатысты. Шаһар басшысы орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің алдында өткен «Мейірімді қала – Қызылорда» атты акцияға қолдау танытқан барша мейірімді жандарды, жәрдем ұсынған жомарт жүректі азаматтарды сүйікті қаламыздың төл мерекесімен құттықтап, алғысын білдірді.
«Өздеріңізге белгілі, қазір әлемдік деңгейдегі пандемиялық ахуалдың дауылы Ұлы дала еліне де әсер етті. Біз ауыртпашылығы мол, қанағат пен сабырға сенер кезеңге тап болдық. Сондықтан той тойлап, думандататын сәттерден уақытша арыла тұрып, болашағымызды бағдарлауға табанды еңбек етуіміз керек. Осы ретте, қала күнінде ұйымдастырылатын жылдағы шараларды қысқартып, отшашу мен концерттерге шектеу енгізіп, қайырымдылық ісіне мән бергенді жөн санадық» деп, сөзін түйіндеді Ғанибек Қонысбекұлы.
«Мейірімді қала -Қызылорда» атты қайырымдылық шарасында тұрмыс-тіршілігі төмен 200 отбасыға көмір отыны, 1500 отбасыға азық-түлік қоржындары таратылды.