Жаңақорғанда тактикалық оқу-жаттығуы өтті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы аумақтық қорғаныс бригадасының ротасымен арнайы тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Жаңақорған ауданы Бесарық ауылдық округіндегі «Талдысу» лагерінің базасында өткен жиынға Қызылорда облысының аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген 78 адамнан тұратын әскери міндеттілер шақырылды.
Оқу-жаттығудың мақсаты – аумақтық қорғаныс бригада ротасын жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру, ерекше маңызды объектіні күзету және қорғау жөніндегі бөлімшенің іс-қимылын пысықтау мен жауынгерлік үйлесімділікті арттыру.
«Жаттығулар барысында жеке құрам білімін жетілдіріп, аумақтық қорғаныс ротасының далалық дағдысы мен үйлесімділігін арттыру мәселелерін іс жүзінде пысықтады. Сонымен қоса, аумақтық қорғаныс бригадасының міндеттерін орындау кезінде жоғары жауынгерлік пен моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастырды», – деді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі полковник Керімбай Ойықбаев.
Арнайы-тактикалық оқу-жаттығу үш кезеңнен өтті. Бірінші кезеңде рота жеке құрамы жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіріліп, жұмылдыру мәселелері пысықталды. Оқу-жаттығудың екінші кезеңінде жауынгерлік үйлесімділікті ұйымдастыру мен өткізу мәселелері атқарылды. Қорытынды үшінші кезеңде объектілерді күзетуді күшейту, заңсыз әскери құрамалардың бағытын айқындап жою, жауапты аймақ шегіндегі соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету және қолдау бойынша рота командирінің жұмысы ұйымдастырылды.
Аумақтық әскерлерді құру туралы Жарлыққа Қазақстан Республикасының Президенті 2015 жылы қол қойған болатын. 2018 жылдың соңында барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық қорғаныс бригадалары құрылды. Тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу әскери міндеттілерді тиімді оқытудың қажетті шарты болып табылады.