Нұрбол Аппазов: 62 500 ағашқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Экология» жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің онлайн отырысы өтті.
Онда «Жануарларды қорғау» туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасы, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне жасалған жаңа нормативтік құқықтық актілердің талдау нәтижелері талқыланып, Алматы қаласы, Солтүстік және Бастыс Қазақстан, Қызылорда облыстарындағы өңірлік қоғамдық кеңестердің атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Жалпы атап өту керек, партияның сайлауалды бағдарламасында «Қайырымды қоғам – таза экология» бағытында табиғатты қорғау бойынша кешенді шаралар белгіленген. Бұл бағытта «Nur Otan» партиясы облыстық жанындағы аймақтық Экологиялық қоғамдық кеңес мүшелерімен біршама жұмыстар жүргізілген.
Мәселен, жыл басынан экология бағытындағы аймақтық және аумақтық кеңестердің 23 отырысы өтті. Оларда «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының 2-ші кезеңін іске асыру, «Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру», Қызылорда су торабын қайта құру секілді 40 тан астам, өзекті мәселелер қаралып, жергілікті атқарушы органдарға республикалық Кеңеске, ҚР Парламенті Сенаты, Мәжілісі депутаттарына алпыстан астам ұсынымдар берілгендігін өңірлік қоғамдық Кеңес төрағасы Нұрбол Аппазов өз баяндамасында атап өтті.
Сондай-ақ, Кеңес төрағасының айтуынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында елімізде 2 миллиард, оның ішінде облыс, қалаларда 15 млн ағаш отырғызып, орман алаңдарын 500 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Біздің өңір үшін ағаш-бұта екпелерін отырғызу және жасыл аймақтар құру өте өзекті мәселе.
«Алдағы 5 жылда жасыл желектер санын арттыру мақсатында облыс бойынша 501,7 мың ағаш – бұта екпелерін отырғызу көзделсе, оның 102,7 мың данасы ағымдағы жылы отырғызылды. Олардың шығымдылығын 65%-ға жеткізу, қала бойынша күзде 4,5 мың дана ағаш-бұталарды егуді қамтамасыз ету, қолданыстағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру, сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанынан тұрғындардың шағымдарына жауап беру үшін арнайы мобильді экологиялық тобы құрылды. Жалпы партия жанындағы өңірлік Кеңес жұмыстарының нәтижесінде «Теплоснабженец» саяжайы тұрғындарының баубақшалық жерлерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін темірбетон арықтар (лоток) орнатылды. Ағаштарды химиялық өңдеу мәселелері туралы қала аумағындағы жасыл желектердің (ағаштардың) маманданған және басқа да зиянкестеріне қарсы барлығы 62 500 ағашқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді», – дейді Нұрбол Аппазов.