Сөз бен істің сабақтастығы
Kyzylorda-news.kz. Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен барлық табысымыз бен жетістігіміздің үлесінде жетекші партия «Nur Otan»-ның дара орны бар. Партияның негізгі ұстанымы ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықтың алтын баспалдағына айналды.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен мемлекетіміз аз уақыт ішінде сыртқы саясатта сара жол салып, әлемдік беделге ие болды. Ең әуелі елге зардабын тигізген ядролық қаруды жойып, өзге мемлекеттерге үлгі көрсеттік. Атажұртымыз Арқа төрінен Еуразия жүрегі аталған елордамызды салдық. Алыс-жақын шетелдермен тереземіз теңесті. Саяси бағытымыз айқындалды. Еліміздегі сан ұлттың өкілі тұрақтылық пен татулықты ту етті. Ауыл шаруашылығының технологиялық жетістіктері артты, өндіріс өркендеді, орта және шағын кәсіпкерлік жанданды, әр ауыл тәуелсіздіктің шапағатын сезінді.
Осы сындарлы жолда Елбасы жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясы отандық көшбасшы ғана емес, жаһандық деңгейде де бағыт-бағдары айқын партия екенін дәлелдеді. Партия алғашқы құрылған күнінен тың бастамалар көтеріп, жауапты шешімдер қабылдауға ұйытқы болды, елмен біте қайнасып, халықтың мүддесін жеткізіп жүрген нағыз халықтық партия екенін танытты.
Баршаға мәлім, Елбасының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінде көзделген қағидаттар бүгінде әрбір қазақстандықтың өмір салтымен астасып, жасампаздық пен жаңғырудың жолына айналды. Қоғам өмірімен сабақтасқан бұл қағидаттар тұрақтылықтың сенімді жолы мен қоғамдық келісімнің берік іргетасын қалап, орнықты дамудың кепілі болып отыр.
Жыл басында елімізде өткен үлкен саяси науқаннан кейін «Nur Otan» партиясы халық алдында берген уәделерін тұрақты түрде орындаудың кешенді қадамдарын іске асыра бастады. «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» деп аталатын сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған Жол картасындағы 2025 жылға дейінгі межеленген міндеттердің жыл сайын орындалу барысын қатаң қадағалауды қолға алды.
«Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық Жол картасымен сабақтас өңірдегі 1 облыстық, 1 қалалық және 7 аудандық Жол картасын іске асыру партия филиалдарының алдында ең бірінші кезекте тұр. Партия филиалдары жанынан Сайлауалды міндеттерді іске асыруға бақылауды қамтамасыз ететін 12 облыстық және 73 аудандық, қалалық қоғамдық кеңес құрылды.
«Бір басшыға мың қосшы» дейді халқымыз, партияның айқын міндеттерін анық түсінген мәслихаттардағы фракцияның барлық мүшесі Жол картасындағы іс-шаралардың тиімді және сапалы жүзеге асырылуына ықпал жасап келеді. Осы ретте жыл басынан бері Саяси кеңес бюролары мен мәслихаттардағы фракциялардың, қоғамдық кеңестердің отырыстары өтіп, салынып жатқан нысандарға Партиялық бақылау комиссиялары мен Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп отыр. Нәтижесінде, тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына әсер ететін көптеген күрделі мәселе шешімін тапты.
Сандарды сөйлетер болсақ, облыстық және Қызылорда қаласы мен аудандар бойынша Жол карталарында 2021 жылға 717 іс-шара жоспарланған. Осы жылдың 10 айының қорытындысымен олардың 465-і орындалды, 252 іс-шара орындалу үстінде.
Сайлауалды бағдарламада негізгі басымдық денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үймен қамту, елді мекендерді газдандыру, ауызсу, жол секілді инфрақұрылымдық жобалар мен бағаны тұрақтандыру шараларына берілді. Мәселен, алдағы 5 жылда өңірдегі 19 елді мекенді газдандыруды жоспарласақ, бүгінде Жосалы және Жалағаш кенттері мен Шиелі ауданының Н.Бекежанов ауылы табиғи газға қосылып, 33 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Жыл соңына дейін Жол картасы аясында Қазалы қаласы мен Шиелі ауданының Қодаманов ауылдарының 11 173 тұрғыны толықтай табиғи газға қосылып, облыс тұрғындарының газ тұтыну үлесі 67,4 пайызға жететін болады.
Ал шалғай жатқан Арал ауданындағы Аққұлақ, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр, Майдакөл ауылдарына ауызсу жүйелері жүргізіліп, жергілікті тұрғындарға таза ауызсу жеткізілсе, ірі жобалардың бірі – Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл күрделі жұмыстар 2021-2025 жылдар аралығында іске асырылып, қаланың 40 мыңға жуық тұрғыны таза ауызсумен қамтылатын болады.
Сайлауалды бағдарламаға сәйкес, жолдардың сапасына да айрықша көңіл бөлініп отыр. 164,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 32,7 шақырым жол қайта жаңартылды. Облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» автожолының алғашқы шақырымдарына асфальт төселіп, 4 жерден өткел салынды. Сонымен бірге Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бас көше жолының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автотрассасымен жанасатын тұсында жолайрығының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, жолаушы көлігі инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын кеңейту әрі қайта құру жобасын іске асыру жоспарда бар. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.
Сондай-ақ жеке инвестор «Болат Өтемұратов қорының» ұсынысы бойынша өз қаражаты есебінен жаңа терминалды салу бойынша келісімге келіп, меморандумға қол қойдық. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап аптасына бір мәрте Nordwind Airlines (Северный ветер) әуе компаниясы Санкт-Петербор–Қызылорда – Санкт-Петербор халықаралық рейсін жүзеге асыратын болады.
Сонымен бірге жуырда Қазақстан Үкіметі тарапынан «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар тұратын «Жезқазған-Қызылорда» автомобиль жолының жаңа жобасына қол қойды. Компания бұл қаржыны Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына бөлмек. Жолды салу бағыты Қызылорда облысы аумағынан басталады.
Бүгінде Сыр елі аграрлық аймақтан аграрлы-индустриялы өлкеге айналды. Қазіргідей күрделі жағдайда біз экономиканың тиімділігін арттырып, кәсіпкерлік саласын дамыту, азық-түлік өнімдерін сақтау қоймаларының жұмысын ретке келтіру бағытында көптеген жұмысты қолға алдық. Осы мақсатта шағын кәсіпкерлердің 1 411 жобасына 6,8 млрд теңге көлемінде шағын несие беріліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында 26 млрд теңгені құрайтын 2 106 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, Жаңақорған ауданында «Қуат әк» ЖШС-ның «Әк зауытының модернизациясы» жобасы, ас тұзын өндіруде «Аралтұз» АҚ-та «Үшінші испан цехы» орнатылды, Қызылорда қаласында 2000 тонналық қойма және көкөніс сақтау орны бар көтерме тарату орталығы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Қармақшы аудандарында қара күрішті ақтау және жем шығару цехтары, сонымен қатар ұн зауыты, шұжық өндіру, попкорн шығару, автокөлік бамперлерін, құрылыс материалдарын (темір-бетон, қабырғалы блоктар, декорлық кірпіш, 3Д панель, кафель клейі) шығаратын көптеген цех қосылды.
Биыл Қызылорда қаласында құны 42,1 млрд теңгені құрайтын ірі жоба – табақ шыны өндіру және қайта өңдеу зауытын іске қосу жоспарда бар. Бұл өз кезегінде азаматтарды жұмыспен қамтуға септігін тигізетін болады. Оған қоса, шыны зауытының жанында ультра жұқа шыны, автокөлікке арналған әйнек пен айна, шыны талшықтары, шыны ыдыстар мен кәдесыйлар секілді 8 ілеспе өндіріс ашылып, нәтижесінде 200-ден астам жұмыс орны құрылатын болады.
Бүгінде Тұрақтандыру қорының өнімдері мен айналым жүйесі бойынша қамтамасыз етілетін өнімдер «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-на қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және қосымша Қызылорда қаласында орналасқан 5 ірі супермаркетте келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда сатылып жатыр.
Ал әлеуметтік дүкендердің желісін кеңейту мақсатында биыл 10 әлеуметтік дүкеннің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 6 дүкен ашылды. Одан бөлек, қыркүйек айынан бастап аймақ тұрғындарын қолжетімді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін 35 рет жәрмеңке ұйымдастырылды.
Биылғы өзекті мәселенің бірі – табиғи құрғақшылық жағдайынан шығу. Суды үнемдеудің жолдарын қарастырып, шаруаларға кезектілікпен су беру мәселесін ретке келтірдік. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру бағытында 87 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісімен жүгері, 100 гектар жерге қызанақ дақылы, 25 гектар жерге алма егілді.
Асылтұқымды мал басын көбейту мақсатында да 585 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара жеткізілді.
Сондай-ақ 2021 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында облысқа 1 000 бас шетелдік мүйізді ірі қара, 27 мың 500 бас қой малын сатып алу жоспары бекітілген. Бүгінде 5 шаруашылық 425 бас мүйізді ірі қара малын шетелден сатып әкелсе (42,5%), тағы да 3 шаруашылықтың 151 бас шетелдік мал алуға берген тапсырыстары қаржы институттарында сараптамадан өтіп, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнымен бірге, 4 шаруашылық 2 644 бас қой малының аналықтарын сатып алды. 11 шаруашылықтың 638 бас қой сатып алуға үшін несие рәсімдеуге берген құжаттары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның сараптамасына берілді.
Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына 237 су шаруашылығы жобасын іске асыру бойынша ұсыныстар енгізілді. Жоба аясында 2025 жылға дейін Қызылорда облысының аумағында 21 каналды қайта құру, сондай-ақ 30 каналды цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Бүгінде Қызылорда және Әйтек су тораптарын қайта құру бойынша жұмыстар, коммуналдық меншіктегі 192 су шаруашылығы нысандарын тазалау және жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Облыста 251 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады, 2025 жылға дейін ылғал үнемдеу технологияларын қолдануды 45 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Оның ішінде 2022 жылы 10 мың гектарға жаңбырлатқыш қондырғының көмегімен жоңышқа егу, 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен қызанақ және 100 гектарға көкөністердің басқа түрлерін себу жобаларын іске асыру жоспарлары бар.
Қыс айларында келіп түскен артық су көлемін жинақтап, оны көктем мен жаз айларында төменгі ағысқа жіберу мақсатында Президент Жолдауына сәйкес, көлемі 775 млн текше метр болатын Қараөзек ағысында су қоймасын салу көзделді. Сондай-ақ бүгінде қирау қаупі төніп тұрған Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жұмыстарды жүргізу нәтижесінде бөгет күшейтіледі, су айналымы қалпына келтіріледі, судың тұздану деңгейі төмендейді, Кіші Арал теңізіндегі балық қоры артады.
Әртараптандыру бағытын дамыту арқылы суды үнемдеу жолының тиімділігін табуға болады. Әсіресе, суды көп қажет ететін күріш көлемі өткен жылдан 6 мың гектарға азайтылды. Оның орнына әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемдері 9,8 мың гектарға дейін жетті.
Биыл жалпы егіс көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртараптандыру бағытында мал азықтық дақылдар 6,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 6,4 мың гектарға көбейді.
Бұл ретте инновациялық технологияларды пайдаланып, егін егудің жаңа әдістеріне көшіп келе жатқан озат шаруа қожалықтарының тәжірибелері өзге әріптестеріне үлгі болуда. Мәселен, Қызылорда қаласында биыл Golden Bridge ЖШС 175 гектар алаңда күрішті көшет әдісімен себу бойынша пилоттық жобаны іске асыруды бастады, осының есебінен суды үнемдеуге және күріштің шығымдылығын арттыруға қол жеткізіледі деп күтілуде.
Келесі жылдан бастап Шиелі ауданында 10 мың гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізу бойынша жобаны іске асыру жоспарланды.
Шаруашылықтардың тың тәжірибесін әрі қарай кеңейтіп, өңір диқандары арасында тарату жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру саласы бойынша ең өткір мәселе орын тапшылығы екенін атап өткені белгілі. Нақты қадамдар жасалмаса, 2025 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін екенін ескертті. Соған сәйкес, алдағы 5 жылда еліміз бойынша 1 000 мектептің бой көтеруін тапсырды. Сайлауалды бағдарлама халықтың сұранысына сай, олардың ұсыныс-пікірлері негізінде әзірленгендіктен, Жол картасында бұл жұмыстарды әр жылдарға бөліп, кезең-кезеңімен шешу жоспарланған.
Бүгінде аймақта Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде 300 орындық 1 мектеп пен Қызылорда қаласында 300 және 100 орындық 2 жекеменшік мектеп ашылса, Жаңақорған ауданында 1 000 балаға шақталған 4 жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыс бойынша 900 орындық 2 мектеп іске қосылмақ. Облыс орталығында 320 және 120 орындық 2 балабақша, Арал және Сырдария аудандарында 40 орындық балабақша салынып, жұмысын бастады. Қазір 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылу жоспары 79 пайыз болса, орындалуы 85,5 пайызды құрап отыр. Инклюзивті білім беруге жағдай жасау үшін мектептер 33 инклюзивті кабинетпен жабдықталды және арнайы мамандар бөлініп, қамтылу 72,3%-ды құрады.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» аясында Сыр өңірінде С.Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжі мен М.Ықсанов атындағы политехникалық колледждің 414 студенті үшін жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін «Болашақ» университетінің 444 орындық жаңа, заманауи жатақханасы студенттерге табысталады.
Халықтың денсаулығы өңірдің өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты. Ал денсаулықтың салауатты өмір салтын ұстанумен ұштасатыны сөзсіз. Өз кезегінде партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін бекітілген Жол картасында да спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта бұқаралық спорт түрлерін дамыту, денешынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 35%-ға дейін жеткізу мақсатында 1 жүзу бассейні, 8 стритбол алаңы пайдалануға беріліп, 1 стадион күрделі жөндеуден өтті. Жалағаш, Қармақшы аударының орталықтарында, Арал ауданының Қамыстыбас, Аманөткел және Қазалы ауданының Пірімов ауылдарында аталған елді мекендердің 42 мыңға жуық тұрғыны үшін спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қызылорда қаласында балаларға арналған 10 ойын алаңы салынып, 22 алаңға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жасалған жұмыстардың нәтижесінде өңірден шыққан чемпиондар саны да аз емес. Мәселен, Токио Олимпиадасынан қола медаль алып, жеңіспен оралған боксшы Қамшыбек Қоңқабаевтың жетістігі көптеген жас спортшыға үлгі болып, жеткіншектерді спортқа жігерлендірді.
Тұрғындарды толғандыратын ең өзекті мәселе – баспана мәселесі. Бұл мақсатта 502,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (биылға жоспар 644,7 мың шаршы метр). Мәселен, Қызылорда қаласында 550 пәтерлі 11 және Шиелі ауданында 25 үйге азаматтар қоныстанды. Сондай-ақ облыс орталығында көпбалалы отбасыларға 33 пәтер және Жаңақорған ауданында 18 пәтерлі 1 тұрғын үй сатып алынды. Жоспарланған игілікті істер жыл соңына дейін өз жалғасын тауып, 1 000-нан астам тұрғын баспанамен қамтылатын болады.
Жол карталарында тарих пен мәдениетті дамыту мәселесі де қамтылған. Сыр өңірі тарихи ескерткіштерге бай өлке болғандықтан, облыстағы 100 киелі, тарихи-мәдени нысанға оларды сақтау мен жаңғырту мақсатында QR-код орнату жұмыстары жоспарланған болатын. Соның 20-сына QR-код тақтайшалары орнатылды. 3 нысанға археологиялық зерттеулер жүргізіліп, тарихи орындарға 400-ден астам адамның қатысуымен 41 экспедиция ұйымдастырылды. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мақсатында ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына қазба жұмыстары жалғасуда.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында елдік мүддені айтысқа арқау еткен республикалық «Тұғыры биік Тәуелсіздік» тақырыбында ақындар айтысы өткізілді. Сонымен бірге Сыр сүлейі Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығына арналып өткен «Жырлансын, Тәуелсіздік жыр бұлағы» атты жыршы-жыраулар байқауы жыраулық дәстүрді бойына сіңірген талантты жыр жауһарларының өсіп келе жатқанын, рухани сабақтастықтың жалғастығы бар екенін дәлелдеді.
Ерекше айтуға тиіспіз, өнер зерттеушілері Мардан Байділдаев, Алма Құнанбаева, Алмас Алматовтың тынымсыз еңбегінің арқасында Сыр бойында мақам-саздық ерекшеліктеріне қарай төрт жыраулық мектеп – Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай жырау мектептері қалыптасып, дәстүрлі өнердің өрісі кеңіп, қанаты қатайды.
Өңірдегі «Жыр мұра» жобасы аясында ашылған жыр-терме, қобыз сынды 50-ден аса үйірмеде 500-ден аса шәкірт дәріс алады. Үйірмелерден шыққан өнерпаздар республикалық, халықаралық деңгейдегі жыр додаларында жүлделі орындарды иеленумен қатар, дәстүрлі өнер мамандықтары бойынша арнаулы, жоғары оқу орындарында оқиды. Биыл да Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Дәстүрлі өнер» институтына дарынды жастарды оқытуға облыстық бюджеттен 6 грант бөлінді. Сонымен қатар Сыр өңірінің жыраулық дәстүрін насихаттап жүрген орта және жас буын жыршыларымыз Qazaqstan ұлттық арнасының «Күміс көмей», «Хабар» телеарнасының «Алтыбақан» бағдарламаларына қатысып, алтын қорға жазылып алынса, жыршы Күнсұлу Түрікпен халықаралық «Мен қазақпын» мегажобасында дәстүрлі өнер номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді.
Тарихи ізденістерді қажет еткен, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалар асыл қазыналарды жарыққа шығару ісі де қолға алынды. Биыл Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері ретінде ІІІ томдық Сыр өңірі фольклоры антологиясының І томы «Жанқожа батыр» жарыққа шықты. Бұл жоба Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын жүзеге асыру бағытында аймақтың даму белестерін насихаттайтын «Сыр елі» мегажобасы аясында қолға алынды. Өткенімізді екшеп, тарихымызы саралайтын атаулы даталарға да ерекше мән беріп келеміз. Биыл Ыбырай Жақаевтың 130 жылдығы аталып өтіп, Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығы аясында Қазалы ауданында ескерткіш орнатылады. Ал келер жылы «Халық қаhарманы» Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылордада ескерткіш ашылады. Сонымен бірге Сыр шайырлары Базар Жырау Оңдасұлының 180 жылдығын, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығын атап өтіп, дәстүрлі «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін ұйымдастыру жоспарымызда бар.
Елбасының саяси орнықты шешімімен біз биік белестерді бағындырдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты міндеттемелерін орындауда нақты жоспарды іске асырып келеміз.
Біз «Ырыс, қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген дана халықтың тәмсіліне сүйенген ұрпақтың өкіліміз. Ендеше ынтымағымызды қадірлеп, кез келген сыннан сүрінбей өтіп, халық талабын әрдайым ескеріп, межеленген жоспарлар мен берген сайлауалды уәдеміздің барлығын орындауға міндеттіміз. Бұл жолда партия белсенділері мен жақтастары және бағдарлама әкімшілерімен жұдырықтай жұмыла отырып, міндеттемелерді бірлесе атқаруға дайын. Себебі қашанда елмен етене, әлеуметпен әріптес болып, сөз бен істі сабақтастырған «Nur Otan» қиындықтарды еңсеріп, жеңіске бірге жетуді мұрат еткен партия.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
«Nur Otan» партиясы
Қызылорда облыстық филиалының төрағасы,
Қызылорда облысының әкімі
Қызылорда облыстық филиалының төрағасы,
Қызылорда облысының әкімі