Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылорда: 19 түрлі азық-түлік өнімі шекті бағадан аспауы қажет

Қызылорда: 19 түрлі азық-түлік өнімі шекті бағадан аспауы қажет

Kyzylorda-news.kz. Халықтың күнделікті қолданысындағы 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасы шекті мәннен аспауы қажет. Өңірдегі азық-түлік қорын саралау, әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің жеткілікті болуы сынды негізгі мәселелер бойынша облыс әкімінің салалық орынбасары Бақыт Жаханов әлеуметтік дүкендерді аралап, азық-түлік бағасын бағамдады, әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың қамтылуын тексерді.

Бақыт Дүйсенұлы алдымен Титов мөлтек ауданы «Аль-Асад» сауда орталығындағы әлеуметтік бұрышты көрді. Жаңадан ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысын саралады. Аталған нысанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері қойылған. Тұрғындар мөлтек аудан жанынан ашылған әлеуметтік дүкендегі бағалардың қолжетімділігін айтып, ризашылығын білдірді.

Нан бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұру маңызды міндет. Бұл ретте өткен аптада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова азық-түлік қорына қатысты жиында қала, аудан әкімдеріне нан бағасын шекті мәннен асырмау туралы тапсырма берген-ді. Осыған сәйкес салалық орынбасар «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісім-шарт негізінде жұмыс істеп жатқан наубайхананың жұмысымен танысты. Мұнда күніне 15 мыңнан аса бөлке нан шығарылып, облыс орталығындағы дүкендерге таратылады. Әлеуметтік дүкендерде нанның бағасы 55 теңгеден сатылуда.
Айта кетейік, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ «айналым» схема бойынша бағаны тұрақтандыру механизмі аясында заем беру арқылы шаралар қабылдануда.

Тұрақтандыру қорының өнімдері мен айналым схемасы бойынша қамтамасыз етілетін өнімдер «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-на қарасты 34 әлеуметтік дүкенде және Қызылорда қаласында орналасқан 17 ірі супермаркетінде келісім бойынша ашылған әлеуметтік бұрыштарда сатылуда.

Бақыт Жаханов «Мирас» сауда үйінің жанындағы қоймада болып, ондағы төмен бағада сатылып жатқан азық-түлік өнімдерімен де танысты. Облыс әкімінің орынбасары сатушыларға бағадан бөлек, сапаға да мән беру керектігін ескертті.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Байқоңыр» ӘКК-мен» келісім-шартқа отырған, заем алған кәсіпкерлердің атқарып жатқан жұмыстарымен танысып жатырмыз. Қазір барлық жерде тауарлар бағасының қымбаттауы сезілуде. Бірақ қабылданған шешімдердің арқасында ұн, жуа, сәбіз, қырыққабат, басқа да әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын ұстап тұру үшін үкіметтен қаржы бөлінді. Жаңа арнайы наубайханалардың біріне барып, жағдаймен таныстық. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс әкімдігі қажетті шараларды қабылдады. Азық-түлік өнімдерінің бағалары аймақ басшысының тікелей бақылауында», – деді Бақыт Жаханов.

Мұнан соң, ескі базар маңындағы әлеуметтік және ет өнімдерін сататын дүкендердің жұмысы сараланды. «Байқоңыр» ӘКК» арқылы келісім-шартқа отырған ет дүкенінде өнімдер базар бағасынан біршама төмен сатылуда. Бір ерекшелігі, сатып алушыларға ет өнімдерін алуда шектеу қойылмаған. Білім беру, мектепке дейінгі мекемелер қажетті көлемде сатып алып жатыр.

Айта кетейік, бүгінде тұрақтандыру қорында 205 млн. теңгенің 1184 тонна өнімі бар. Мұнан бөлек, 624 тонна өнім сатып алу бойынша келісім-шарттар жасалды. Мемлекеттік сатып алу тәсілімен және тауарлық биржа арқылы 1800 тонна өнім сатып алу бойынша хабарландыру орналастырылды. Ал «айналым схемасы» бойынша заем алған кәсіпкерлік субъектілерімен 3540 тонна өніммен қамтамасыз ету жөнінде келісім-шарттар жасалды.






12 қараша 2021 ж. 73 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области