Парламент рақымшылық туралы заң қабылдады
Kyzylorda-news.kz. Парламент сенаты Тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қанша адам рақымшылыққа ілікті
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, заң жобасының мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту.
«Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады», – деді Тұрғымбаев сенат отырысында.
Заң жобасы мемлекеттік органдармен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды, ғылыми-құқықтық сараптамалар жасалды.
Министрдің айтуынша, қазір республикада 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, қамауда отыр. 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеге жабылған. 45%-і оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.
«Заң жобасы бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады», – деді ол.
Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауаптан босатылады. 1471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады.
Ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарға барған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.
Шет елде сотталған қазақстандықтар
Ішкі істер министрінің айтуынша, қазір Қазақстанның түзеу мекемелерінде шет мемлекеттің үкімімен сотталған 35 азамат жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 31 қазақстандық – Ресейде, Беларусь пен Қырғызстанда екі-екі адамнан сотталған.
«Олардың тек біреуі ғана рақымшылыққа ілігеді. Ол ауыр қылмыс үшін төрт жылға сотталған болатын. Үш жылы өтті, тек бір жылы қалды. Сол үшін ол азамат осы рақымшылық туралы заң жобасына келіп тұр», – деп түсіндірді Тұрғымбаев.
Ал қалған 34 адам – аса ауыр және ауыр қылмыс үшін сотталғандар.
Парламент сенаты заңды бірауыздан қабылдады. Енді құжатқа президент қол қояды.