Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаты «Miras» аймақтық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan»партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Онда партияның Саяси кеңесі отырысында Елбасы ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаты талқыланды.
Жиынды ашқан кеңес төрағасының орынбасары Сәрсенкүл Биқожа жеті тұғырды еліміздің әрбір азаматына жеткізіп, болашақ ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығын алға тартты.
Елбасы жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаты маңызды, ауқымды, терең еңбек. Бұл қағидаттар жиынтығын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының заңды жалғасы деп қарастыру керек. Ендігі жерде мұны тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға жүктелген, аманат әрі бағдар десек, мұнда қамтылған «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» қағидатын болашақ ұрпаққа мирас ету – бұл біздің ортақ борышымыз деді ол.
Жиында сөз алған кеңес мүшесі, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан Ибраев «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтып, тұрақты даму үшін ауадай қажет құндылық деп атады.
Кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаева алдымен Елбасының Тәуелсіздік жылдарындағы тынымыс еңбегі мен тәуелсіздік тұғырына қонған 30 жылдағы жүзеге асырылған реформаларды сөз етті.
Тәуелсіздік жоқ жерде, жоғарғыда айтылғандардың ешбірі болмайды. Бұл орайда Елбасы Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық екенін 1 тұғырда көрсетіп, еркіндік жоқ жерде өзге төңіректе сөз айту мүмкін еместігін көрсетіп отырғандығын айтты.
Алқалы жиында сондай-ақ, кеңес мүшелері тарапынан ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, келер жылдың жұмыс жоспары пысықталды.