Қызылордада жел күшейіп, тұман түседі
Kyzylorda-news.kz. Ауқымды антициклонның ықпалымен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Қазгидромет.
Тек ел өңірінің батысында, шығысында, оңтүстік-шығысында жауын-шашын жауады (жаңбыр, қар), түнде және таңертең Алматы облысының таулы аудандарында қалың қар түседі. Республика бойынша кей жерлерде тұман, көктайғақ, желдің күшеюі күтіледі. Ал шығысында жаяу бұрқасын, батысында, оңтүстігінде шаңды дауыл көтеріледі.
Алматы облысының солтүстік-шығысында, оңтүстігінде, Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел 15-20 м/с күшейеді.
Түркістан облысының оңтүстігінде, батысында және таулы аудандарында тұман, солтүстігінде және таулы аудандарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетеді, бұл өңірдің солтүстігінде шаңды дауыл күшейеді. Жамбыл облысының таулы және тау бөктерінде тұман, түнде көктайғақ күтіледі, оңтүстік-батысы, солтүстік-шығысы және таулы аудандарда жел 15-20, күндіз екпіні 23-28 м/с жетеді.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында тұман түсуі ықтимал, түнде оңтүстігінде желдің күшеюі 15-20 м/с жетеді, облыстың шығысында жаяу бұрқасын болады.
Қызылорда облысының солтүстігінде тұман күтіледі, орталығында және оңтүстігінде жел күшейіп, жылдамдығы 15-20 м/с жетеді.
Қарағанды облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, Қостанай облысының солтүстігінде тұман болады. Маңғыстау облысында жел 15-20, екпіні 23 м/с, шаңды дауыл тұрады.
Атырау облысының басым бөлігінде, күндіз Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында жел күшейеді, екпіні- 15-20 м/с жетеді.