Тәуелсіздік – тағдырдың сыйы
Kyzylorda-news.kz. 30 жылда өңір дамуының барлық салаларында ауқымды жұмыстар жасалды. Тарих үшін аз уақыт болғанымен ғасырға татитын тіршілік атқарылды. Тәуелсіздік – тағдырдың сыйы. Бұдан 30 жыл бұрын бейбіт жолмен келді десек те, осы тәуелсіздікті жақындату үшін ата-бабаларымыз қан төгіп, өмірін берді. Үлкен күреспен келгенін кейінгі ұрпақ білуі тиіс. Тәуелсіздіктің тарихы тереңде жатыр.
Үлкен жауапкершіліктің астарында – тұғырын нықтау бар, туын биіктету бар, барлық жағынан тәуелсіздікті орнықтыру бар. Өйткені, бұл үлкен істердің бастамасы ғана. Егемендікке қол жеткізгенде, әнұранымызды шырқаттық, көк туымызды желбіретіп, Елтаңбамызды қабырғамызға ілдік. Қазақстанның өз армиясы қалыптасты.
Нарықтық жолдағы қиындықты да еңсердік. Барлық салаларда реформалар жүрді. Халықтың шыдамдылығы мен елдің сабырлылығы арқасында өтпелі кезеңдегі қиындықты жеңе білдік. Бүгінгі таңда халықаралық деңгейде Қазақстанның дәрежесі өсті. Елбасымыздың сарабдал саясаты арқасында сыртқы саясатымыз орнықты. Өзге елден айырмашылығымыз біздің еліміз бейбіт өмір сүріп келеді.
1972 жылы 25 жасқа да толмаған кезім, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы едім. Сол кезде алғаш рет Тереңөзекке көпір салуға ұсыныс жасадым. Мен осы ғасыр құрылысына айналған көпірге 50 жыл өмірімді бердім десем артық болмас. Жыл сайын республикаға барып, түрлі Парламент сессияларында мәселе көтеріп, ізденіп, ауданнан кеткенше сол көпірді сала алмадым. Үлкен өкінішім еді. Табиғат та, Құдірет те көмектескені болуы керек, сонан кейін облыстық мәслихаттың депутаты, хатшысы болып жүріп, осы мәселені күн тәртібінен түсірмедім. 2011 жылы Елбасына кіріп, көмек сұрадым. 2014 жылы көпір салынып, арманым орындалды. Ең бастысы, 40 жыл көтерілген мәселе тәуелсіз елімнің жылдарында жүзеге асып, елдің игілігіне берілді. Сондықтан да, әрбір тәуелсіздік жылдары жасалған жақсылықты істерді насихаттау біздің парызымыз болуы тиіс.
Алмагүл БОЖАНОВА,
«Парасат» орденінің иегері,
«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы
«Парасат» орденінің иегері,
«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы