Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫ ТІРІЛТКЕН ҚАЛАМГЕР

ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫ ТІРІЛТКЕН ҚАЛАМГЕР

Қаратерең...
  Сырдың теңізге құяр сағасында орын тепкен, қос алыпты тел емген ауылда дүниеге келген Бегімбайдың бала қиялы бай болған секілді. Өйткені ақжал толқынды теңізде жүзген кемелер де, дариядан таралған айна көлдердегі ақжелкенді қайықтар да қиялына қанат бітіретін. Сондықтан арманшыл ауыл тентектерін үлкендер «Осылардан бірнәрсе шығады» деп арқадан қағып қоятын еді.
  Сол қияндағы шағын ауылдан өзге жерде кездесе бермейтін 20-дан астам ұшқыш шыққанын, дәл осыншама журналистер барын қазір халық біледі және айтып жүреді. Белгілі қаламгер ғалым, ҚР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омаров ол туралы былай дейді: «Ауылдың журналистері де жүйрік шықты. О бас­та Қаратереңнің маңдайына біткен екі мықты журналисі бар еді. Олар – ағайынды Шәкірат және Шәкизат Дәрмағамбетовтер. Республикаға танымал осы ағаларымыздың соңынан өз соқпағын салған Бегімбай Ұзақбаев та көсіліп алысқа шапты. Жалаңтөс баһадүр туралы тарихи роман жазды. Осы үшеуінің соңын ала біз де қара көрсеттік. Ал қазір қаратереңдік журналистердің санынан жаңыласың...».
  Бекең осылай балықшы отбасында 1948 жылы 15 сәуірде өмірге келген еді. Жазушының балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Майданнан жарақат алып оралған әкесі Ұзақбай сұм соғыстың зардабынан ұзақ өмір сүре алмады. Ол дүние салғанда Бегімбай небәрі үш жаста болатын. Отбасының барлық салмағы анасының иығына түсті. Он үш құрсақ көтерген қайратты Сәнімнің қолында баласы мен қызы ғана қалды. Осылайша жастайынан тұрмыс тауқыметін көрген олар ерте есейді. Балық зауытында сұрыптаушы болып жұмыс істейтін анасына қолғабыс жасады. Бекеңнің ән айтып, домбыра тартуға, сурет салуға қабілеті ерте байқалды. Қаратереңге келген Ленинград суретшілер училищесінің студенттері оның дүниелеріне қызығу­шылық танытыпты. Сегізжылдық мектепті бітіргеннен кейін жас суретшіге аталған училищеден оқуға шақырту келеді. Алайда анасы жалғыз ұлын алысқа жіберуге жүрексініп, қарсы болыпты. Бірақ талапкер бала өзінің бақытын қара сөзден маржан теріп тапты десе болады.
  Біздің Бекең де қаламын құшақтап туған әріптестеріндей ауылдың кітапханасын «оқып тауысып», қариялардың ескі әңгімесін есіне сақтап, ертегі-жырларға құрышын қандырып, көрген-білгендерін жадына жинап, ойын қағазға түсіруден жалықпаған еді. Мектепте жүріп, аудандық «Толқын» газеті мен «Қазақстан пионеріне» мақалалар жазып, ауылда «бала тілші» атанды. Сол бала тілшіден дана тілшіге жету үшін оқу мен еңбегін жалғастырып үлкен өмір жолына түсті. Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.
   Қызмет барысында Алматы жоғары партия мектебін тәмамдады. Еңбек жолын мектепте ұстаз болудан бастаған Бекең мағыналы да тағылымды өмір мектебінен өтті. Облыстық телерадиокомитетінде, комсомол, партия органдарында жауапты қызметте болды. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы, КСРО Министрлер кеңесі Дін істері кеңесінің Қызылорда облысы бойынша өкілі, облыс әкімі аппаратында бөлім, сектор меңгерушісі және бас инспектор қызметтерін атқарды. Ол жемісті еңбек еткен қырық жылдан астам уақытта облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге, Сырдың мәдениеті мен рухани дүниесін дамытуға белсене қатысты.
  Жазушы алғашқы тарихи тақырыбына кездейсоқ келмеген еді. Бегімбай Ұзақбаев Жалаңтөс баһадүр қорының жұмысына белсене араласа жүріп, батырдың 425 және 430 жылдығын өткізуге атсалысты, халықаралық және республикалық конференцияларды ұйымдастырудың басы-қасында болды. Қаһарман қолбасшының ескерткішін орнатуға, мектептер мен ауылдарға есімін бергізуге байланысты жұмыстарға араласты. Сөйтіп жүріп Өзбекстанға делегация құрамында бірнеше рет сапарлап барды. Самарқан мен Нұратада болып, баба салдырған Шир-дори (Арыстан қақпа) және «Тіллә кәри» кесенелеріне тәу етіп, тасқа маңдайын тигізіп, алақанымен сипады. Көне ғасырдың көзі тірі жәдігерлерінде баба рухымен осылай сырласып, тарихымен тілдесті.
  Қаламгердің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығына рухани қуаты қосылып, қазір әдебиетіміздің ауыр да күрделі жанры – тарихи тақырыпты ендете жазып келеді. Көп жылғы жемісті ізденістері мен толғаныстарының нәтижесінде өмірге «Жалаңтөс баһадүр» романы келді. Туындыға заманымыздың заңғар суреткері Әбіш Кекілбаев Тұран батырының тарих пен ұрпақ үшін мәнін ардақтап, керемет алғысөз жазды. Даңғайыр жазушы інісіне «Бегімбай жаным, көптен бері осы тақырыпты жазсам ба деп ойланып-толғанып жүр едім, бірақ батылым бармады, қорықпай бұл дүниені қалай жазып жүрсің, өзің нағыз батыр екенсің» деген сөзі әрдайым қаламгерді қанаттандырып, қамшылап отырады.
  Тарихи туындының жауапкер­шілігі зор, еңбегі қиямет-қайым. Жазушының әр туындыны жанымен жазатыны байқалады. Бүгінгі компьютер дәуірінде бағзы заманға сіңіп кетіп, билер мен батырларды, шешендер мен шайырларды өз тілінде сөйлету, өз киімінде бейнелеу, сол дәуірді дәріптеу үлкен шеберлікті қажет етеді. Тарих пен уақытты безбендеген қаламгер Б.Ұзақбаев осы үдеден көрінген, көрініп қана қоймай сол заманның жыршысы мен жоқшысына, зерттеушісіне айналған деуге болады.
Көне қаланы қазып, сынған құмыра мен тотбасқан қылыш тапқан археологтай қуанып, сол заманғы шаһарлар мен шайқастарды суреттеп, бабалар рухында өмір сүрген қаламгердің туындыларында жанкешті еңбек жатыр. Тарихтан мүлт кетсең – мүдіргенің, артық айтсаң – сүрінгенің, сондықтан атына заты сай туындыны дүниеге әкелу оңай шаруа емес. Тарихи оқиғалардың тінін бұзбай, бұра тартпай, көркемдігін кемітпей, келістіріп кестелеу де өнер.
  Зерттеушілер әлем өркениеті тарихында патшалар мен ел билеген әмірлер туралы көркем әдебиет шығармаларының қалыптасқан дәстүрі барын алға тартады. «Илиада», «Ескендір», «Шахнама» солардың бастауы болса, қазақ әдебиетінде тарихи тұлғалар туралы туындылардың үлкен галереясы жасалған. Жазушы лабораториясына үңілген белгілі ғалым Темірхан Тебегенов «Жалаңтөс баһадүр» романының кең тыныс­ты эпикалық туынды екенін атап өтеді. Тарихи роман өмір шындығы деректерін негізге ала отырып, сол заманның халықтық-этнографиялық болмысын сәтті бейнелейді. Бұл тәуелсіздік дәуірінің жаңа әдеби үдерісіндегі көрнекті эпикалық туынды. Жалаңтөс баһадүрдің және ол өмір сүрген кезеңнің ұлттық және жалпытүркілік тарихымыздың тағылымын деректілік негізіндегі көркем шындықпен бейнелеу арқылы жазушының ұлттық сөз өнері әлеміне сүбелі үлес қосқанын бағалаған.
  Жазушы қаламынан бұдан өзге «Қарабура», «Сопы Әзиз пір», «Марал баба», «Сартай батыр», «Байқазақ», «Алдаспандар рухы» тарихи романдарымен бірге «Тағдыр», «Сырлы сезім», «Бұтақтан өрген бәйтерек», «Шырағың сөнбесін», «Сырымды саған айтам», «Қилы заман-ай», «Шығар күннің шуағы» атты повестері мен әңгімелер жинақтары жарық көрді. Ұзын саны 20-дан астам прозалық кітаптың авторы, 21 әдеби-көркем және деректі повестер, 67 әңгімелер мен хикаяттар және 27 ертегі жазған еңбекқор қаламгер.
  Сонымен бірге аудармашылықпен де айналысып, балалар жазушысы И.Акимушкиннің әңгімелерін қазақша сөйлетіп, бүлдіршіндерге тарту еткен. Республикалық және облыстық тақырыптық байқауларға қатысып, бірнеше рет очерктер мен повестері жеңімпаз атанды.
  Қазақстан Жазушылар одағының жыл сайынғы әдеби жыл қорытындыларына арналған басқосуларда оның тарихи романдары мен деректі хикаяттары да аталып, сыншылардан лайықты бағасын алып келеді. Өткен жылы проза саласы бойынша талдау жасаған белгілі жазушы, ғалым Н.Ақыш қаламгер Б.Ұзақбаевтың романына былай деп баға берді:
  «Тарихи тақырыпқа арналған шығармалардың бірі – Бегімбай Ұзақбаевтың «Сартай батыр» романы. Романның оқиға желісімен оқырмандар «Жау жүрек мың бала» көркем фильмі арқылы жақсы таныс. Оқиғалар ортасынан табылатын бас кейіпкер Жоңғар мен Хиуа шапқыншылықтарына қарсы соғыстарда өзінің қаһармандығымен және ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. Әдетте қалыптасқан тәжірибе бойынша көркем фильм оқырмандар арасында кеңінен танымал болған шығарманың негізінде, соның сюжетінің желісімен түсіріліп жатушы еді ғой. Ал бұл жолғы шығармашылық байланыстың сипаты керісінше. Шығармада авторлық баяндаулар арқылы бұрын көп айтыла бермейтін тарихи деректер келтірілген. Оқиғаның негізгі фабуласы қаһарманның төңірегінде дамып отыратындықтан, шашыраңқылық жағы шағындау. Сондықтан аталған роман оқырманын онша шаршата қоймас деп үміттенеміз...»
  Бекең – деректі прозада өнімді де өрнекті еңбек еткен қаламгердің бірі. Жазушы-журналист Жұмабек Кенжалин оның дәйегі мен мәйегі мол дүниелері туралы тұшымды пікір білдіреді: «Біздің қолымызға тиген кітаптың бірі Бегімбай Ұзақбаевтың «Намыстан шыңдалған қайрат» деп аталатын деректі хикаяттар кітабы. Мұнда негізінен ел құрметіне бөленген азаматтардың қилы тағдырлары мен олардың бастан кешкендері шығармаға арқау болған.
  Айталық, «Қалдырған ізің мәңгілікте» Жақсылық Жылқышиевтің азаматтық тұлғасын сомдайтын оқиғалар өзек етіп алынса, «Арман мұратына адалдық» атты хикаят Сыр өңіріне ерекше еңбегі сіңген Елеу Көшербайұлының тағдыр жолын әңгімелейді. «Өрге өрлеген өр тұлға» деп аталатын хикаят Кеңесбай Қалитегінің тағдыр-талайынан сыр шертеді. Ал Қалыбай Бекенұлының басынан өткендері «Шырағың сөнбесін» деп аталатын хикаятқа арқау болған. Кітаптың өз оқырманы бар ғой деген ой түйдік. Себебі, мұнда Сыр бойы елінің кешегісі мен бүгінгісі өзінің жанқиярлық еңбегімен ауылдастарының құрметіне бөленген абзал азаматтар туралы қалтқысыз әңгіме айтылады».
  Бұл орайда қаламгердің әріптесі Жақау Дәуренбеков де бұрын көркем шығарма жазып танылған автордың деректі шығармалармен жаңа үрдісті публистиканың үлгісіндей оқылымды, ұлтқа берер тәлімі, айтар ақиқаты бар, ұрпақ жадында ұлағат үшін қалдырар, осылайша өз оқырманын таба алатын дәйегі мол дүниелер жазғанын атап өтеді.
  Қазақстан Жазушылар одағының биылғы 15-ші құрылтайында көркемдік-эстетикалық талаптар мүмкіншілігіне жауап бере алатын екі құрылтай аралығында тәуір деген шығармалардың алдыңғы қатарында Бегімбай Ұзақбаевтың тарихи тақырыпта көтерілген прозалық туындылары тұрғанын ескерсек, жазушы романдары жоғары бағаланғандығының айқын көрінісі деп ұғынамыз.
  Қазақ әдебиетінің бүгінгі ауызға алына бермейтін Қоқан және Хиуа шапқыншылығына қарсы күрес­тегі қазақ қаһармандарының ерлігі жай­лы жазылған шығармалар түрлі көр­кем әдеби суреттермен, шынайы баян­даулар арқылы көбімізге бей­мә­лім тарихи деректер келтірумен құнды.
  Бекең отбасында жары Күнилә екеуі 7 баланы тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы дерлік жоғары білім алып, қазіргі таңда әр салада жемісті еңбек етуде. Талантты жазушы бүгінде 20-дан аса немере мен бірнеше шөбере сүйген ардақты ата. Немерелерінің алды шетелде білім алды. «Бейнеттің зейнетін көрді» деген осы.
  Бекеңнің жанр талғамайтын және өндіріп жазатын еңбеккештігі мен оқырман талабына сай байсалды шығарма тудыратын қабілеті көп қаламгерлерге үлгі сияқты. Жазушы Б.Ұзақбаев «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 және 20 жыл», «Халықаралық М.Шолохов» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі. ҚР Мәдениет қайраткері, «Жалаңтөс баһадүр» атындағы республикалық қор төрағасының орынбасары, Арал және Қазалы аудандарының «Құрметті азаматы».
  Ер көңілді, ер мінезді азамат бүгінде 70 жасқа толып, шығармашылық қуатының дер шағында. Тарих пен тұлғаларды тірілтіп, олардың жарқын бейнесі мен өшпес ерлігін халқымен қауыштырған қарымды қаламгер Бегімбай Ұзақбаевтың ойлы оқырманына берер сүбелі дүниелері әлі де алда деп білеміз. Осылайша қаламыңмен халқыңа қызмет ете бер демекпіз.

Ж.ӘБДІРАМАН,
Қызылорда қаласы

18 мамыр 2018 ж. 932 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области