Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » СЫРЫ ТОЗБАС СЫҒАНАҚ

СЫРЫ ТОЗБАС СЫҒАНАҚ

Қазақ даласының төсіндегі кемелденген, гүлденген, салтанаты асқан Сығанақ қаласын 13-ші ғасырдың басында Шыңғыс ұрпағы жосылған қол бастаған Жошы басып-жаншып, халқын қырғынға ұшыратты. Себебі Сығанақтың ержүрек тұрғындары басқыншылардың өз еріктеріңмен беріліңдер деген сөзіне «танысаң қыпшақпын, танымасаң тіліп түсер пышақпын» аз қолмен қарсы қорғанысқа шыққан болатын. Айтса, айтқандай, Сығанақ үшін болған шайқас жүз мыңдаған жауынгерді шейіт қылды.
  Зерттеушілер Сығанақ 982 жылдары салынған, ол ежелден-ақ қыпшақтар мен қаңлылардың тұрағы еді дейді және оған «Қыпшақтардың гаваны» деп ат береді. Ал, қаланың атауына келсек, «ол әуелде Сунақ деп аталды, кейін Сығанақ болды» деген тұжырым жасалады.
  Қойнауында көміліп жатқан жауһарларымен адам жанына жарық шашқан бұл киелі мекеннің қорымға айналған орнын Махмуд Қашқаридан бері қарай зерттеп білгісі келгендердің қарасы көп. 19-шы ғасыр оқымыстылары, архелог П.И.Лерх, шығыстанушы В.Каллаур, француз Ж.А.Кастанье Сығанақтың сырын ашуға құмарланған. Олар осы жерден тапқан олжаларын тышқанша тасып, елдеріне әкетіп отырған. Не тапқан дейсіз бе?
  Сығанақ – қолөнер дамыған қала болған. Бұл жерден қазып алынған құмыралардың шикізаты, өрнегі, қалыбы ескі заманның өмір сүру дәстүрін ап-анық айтып тұрған куәлар. Ол кезде қазіргі қымбат хрусталь, фарфор бұйымдар орнына осы құмыра ыдыстар сыйлыққа берілетін болған. Сонымен бірге Сығанақта күміс ақшалар жасалған. Бұл қазақ даласында алғаш жасалған ақшалар. Ол теңгелерде Ерзен, Мүбәрак секілді Сығанақ патшаларының аты қашалған екен.
  Ерзен 25 жыл патшалық құрған дәуірде Сығанақ өсіп, өркен жайыпты.
  Қазақ елі Ақ орда мемелекеті болып тұрғанда Сығанақ астана болған. Осының өзі-ақ халқымыздың ұлы санасын зерттеуге жетерлік жәдігер емес пе?
  Рухани жаңғыру жолына түскен ұрпақ Сығанақты оның осы атауынан бастап зерттеп-зерделесе игі. Бұлай деуіміздің бір себебі тағы да сол зерттеушілердің ұшқары пікірі. Олардың айтуында 10-шы ғасырда Сығанақ қаласы «Дінсіздер ордасы» деп аталыпты. Осындай да қаланың аты бола ма? Біздің бабаларымыздың күллі салты мен дәстүрі, өмір сүру болмысы әу бастан мұсылманшылыққа құрылған. Бүгінгі тақырыбымыз бұл жайында емес, әйтпесе осы арнада асып-тасып сөз айтуға болады.
Ал, енді «сунақ» пен «сығанақ» сөзінің төркініне назар салып көрсек, бұл екеуі бір сөз. «Сунна», қазақша айтқанда «сүннет», ол – шариғат заңдарының қайнаркөзі. Міне, қыпшақ даласындағы сәулетті қаланың аты қайдан шыққан? «Сунақ» – сүннетке ерушілер. Егер, қазақтың тіл заңдылығына салсақ, «сунақ» сөзінің келе-келе «сығанаққа» айналғанын түсіну үшін академиялық білімнің қажеті шамалы.
  Кеңес өкіметінің коммунистік идеологиясы осы Сығанақ секілді асыл мұраларымызды қалыңырақ көміліп қалса екен деп тіледі десек, сонымыз жала бола қоймас. Себебі сол заманда Көккесене, Жүніс әулие секілді қаншама сәулетті мазарлар құлатылды. Қазалыдағы Бегім ана, Сараман қожа сияқты ескерткіштер жартылай опырып, оны зерттемек, жөндемек былай тұрсын, қасиеттеп барған мұсылманның басын төрден есікке сүйреді емес пе?
  Аталарымыздың ғасырлар бойы аңсаған таңы атты! Тәуелсіз ел болдық. Елбасымыз өшкенді жағып, өлгенді тірілту үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын өмірге ендірді. Мұның заңды жалғасы болған Рухани жаңғыру жолын нұсқады.
  2013 жылы біздің аймағымызда Мәдени мұра бойынша құрамына ғалымдар, археологтар, реставраторлар, музей қызметкерлері топтасқан ғылыми-әдістемелік кеңес құрылған еді. Олардың тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде 2017 жылы Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның халықаралық мәдени мұралар алдын ала тізіміне енгізілді. Сонымен бірге осы тізімге Сығанақ, Жанкент, Бәбіш мола, Кескенкүйік, Шірік Рабат, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері, Сауысқандық петроглифі секілді тоғыз ескерткіштің аты қосылды.
  Өткен жылы жаз айында Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Сыр еліне келген сапарында ашық аспан астындағы Сығанаққа барып, қазба жұмыстарымен арнайы танысты. Ол осы сапарында мұндай мыңжылдық мұраларды зерттеу нәтижесінде Сығанақ секілді киелі орындардың туризм индустриясын дамыту көзіне айналатындығын да айтып өтті.
  Яғни, киелі орындардың қырық қатпарын аршу біріншіден халқымыздың қасиеті мен өткен тарихынан қуат алу болса, екіншіден, мұндай киелі орындарды реставрациялап шет ел туристеріне таныстыру арқылы ел қазынасын толықтыра түсу мүмкіндігі бар.
  «Біз мәдениеттердің, тілдердің өзара қарым-қатынасында мәдени мұраны игеру мен насихаттауда, ұлттың генетикалық кодын сақтауда қазақ қоғамына көшбасшы аймақ болуымыз керек» деген еді облыс әкімі Қ.Көшербаев өзінің биылғы халық алдындағы есеп беру жиынында.
  Бұл сөз руханиятшыл азаматтарға ғана айтылған сөз емес, туған ұлтын, тарихын, ата-бабасын қадірлейтін барша қазаққа қарата айтылған аманат секілді.
«Болған талай қалалар да, халық та,
Уақыт көмді бәрін жерлеп табытқа.
Талай хандар, болған талай тайпамыз,
Енді соның ізін тауып байқаңыз...» – деп жазыпты бұдан мың жыл бұрын өмір сүрген Жүсіп Баласағұн.
Міне, сол Жүсіп бабамыздың айтқан өсиеті тәуелсіз Қазақстанның тұсында іске асырылып жатыр.
Біз бақытты заманның тұрғындарымыз.

Д.АЯШҰЛЫ




20 мамыр 2018 ж. 1 170 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области