КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ЖҰМЫССЫЗ АЗАМАТТАРДЫ ДА ОҚЫТУДА
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалыптастырған оқу орталықтары реестріне Қызылорда облысынан 6 кәсіпкердің базасы енгізілді. Нәтижесінде аталмыш кәсіпкерлер «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында облыста жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмысшы мамандықтарына оқытуда.
Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірлескен жұмысы нәтижесінде аймағымызда осы бағдарлама бойынша 6 кәсіпкер өздерінің оқу-өндірістік шеберханаларында қысқа мерзімді курстар бойынша мамандар даярлауда. Солардың қатарында қаламыздағы «Хабиби» сұлулық салонының иесі Ботагөз Бақбергенова да бар.
«Кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қазіргі таңда «Хабиби» сұлулық салонында барлығы 42 оқушы арнайы курстан өтуде. Бағдарламаның негізгі мақсатына сай заман талабы бойынша сұранысқа ие мамандықтың иелерін дайындаудамыз. Курсқа қатысуға келген азаматтар бізден визажист және шаштараз мамандықтары бойынша білім алуда. Аптасына 36 сағат сабақ өтіп, оқытудың басым бөлігін тәжірибеге арнаймыз. Себебі біздің мамандықта көзбен көріп, құлақпен есту жеткіліксіз. Міндетті түрде құралдарды ұстап, бет әрлеп, жасап жатырған жұмысын сезініп үйрену керек. Оқушылардың аяқ алысы жаман емес. Қазіргі уақытта визажист, шаштараз мамандығына сұраныс жоғары. Бұрын бұл мамандықтар бойынша жоғары білімі жоқ, тек қысқа мерзімді курстан өткен азаматтар ғана жұмыс жасайтын. Қазір жоғары білімі болса да жұмыссыз жүрген замандастарымыз жеткілікті. Осындай қысқа мерзімді курстан өтіп те жақсы табыс табуға болады. Мұны уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазір дипломым бар деп, сол сала бойынша ғана жұмыс күтіп отыратын заман емес. Уақыт ағымына сай, сұранысы жоғары саланы меңгеру арқылы адамдар өздерін жұмыспен қамтамасыз ететін жағдайдамыз. Аталмыш бағдарлама арқылы оқып жатқан азаматтар ай сайын стипендия алады, оқу ақысын мемлекет төлеп береді. Ал өз қалтасынан ақша шығындайтын болса, 1 айлық курстың құны 100 000 теңгеден кем түспес еді. Ең бастысы ниет пен талап болса, қазіргі біздің салоннан алып жатқан білім арқылы жұмысқа орналасуға да, кәсіп ашуға да болады. Мен бұл жағынан визажист әрі жас кәсіпкер ретінде жол көрсетуге, қолымнан келгенше кеңес беруге дайынмын», - дейді Ботагөз Бақбергенова.
Сұлулық индустриясы қарыштап дамып тұрған заманда, шаштараз және визажист мамандарына сұраныс та жоғары. Бұл мамандыққа әрине жас қыздар көптеп қызығушылық танытып отыр. Дегенмен оқушылардың үлкені 42 жастағы Манат Назарова. Өзгелерден жас ерекшелігі болғанымен, талабы зор.
Жас та болса өз ісінің шебері Ботагөздің қарамағында 42 қыз аталмыш бағдарлама аясында білім алуда. Қараша айында курсты тәмамдайтын оқушылар қазіргі таңда жұмыс жасауға сақадай сай деуге болады. Олар визажист мамандығын меңгеріп қана қоймай, «Сұлулық салонын қалай ашуға болады?» тақырыбында арнайы семинар тренигке де қатысқан. Курс аяқталған соң «Хабиби» сұлулық салонында жұмыс жасауға бірнеше оқушыға ұсыныс жасалмақ.
Қыздарға макияж жасап, бет әрлеуді Ботагөздің өзі үйретеді. Қазіргі трендтегі мэйкап үлгілерін қыздар ыждағатпен тыңдап, өздері жасап көру мүмкіншілігі қарастырылған. Өйткені өздері күнделікті жұмыс жасағанда ғана жақсы нәтиже болады. Сондықтан да білім алушы қыздар мүмкіншілікті пайдаланып, визажист мамандығының қыр-сырын, аз ғана уақыт ішінде үйреніп қалуға барынша тырысуда.
Бағдарламаның нәтижесін көріп отырған жастардың бірі Дана Сайфулла. Ол: «Негізгі мамандығым экономист-есепші. Қазіргі таңда визажист мамандығы аса зор сұранысқа ие. Осы оқу курсы өтетіндігі туралы естіп, бағдарламаға қатысуға өтініш білдірдім. Міне осы мамандық бойынша оқып жатырмыз. Алдағы уақытта жұмыс табатыныма 100 пайыз сенімдімін. Себебі курста жүріп те, ақша таба бастадым», - дейді.
Сұлулық салоны оқушыларға қажетті барлық құралдар-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар арнайы кәсіби маманнан шаш үлгілерін жасауды, оны қырқып, бояуды үйренеді.
3 айлық курсты аяқтаған соң, білім алушыларға сертификат беріледі, ал үздік бітірген қыздар осы салонға жұмысқа қабылдануы әбден мүмкін.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі