ҚАЗАҚ ТІЛІ ТҰҢҒЫШ РЕТ КАИР УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МАМАНДЫҚ РЕТІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ
Бұл жөнінде 12 маусымда Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиевтың Каир университетінің ректоры профессор Мұхаммед әл-Хоштпен кездесуі барысында расталды. Ректор 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде алғаш рет «Қазақ тілі» мамандығының оқытылатынын атап өтіп, бұл бағытта көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан елшілігіне алғысын білдірді.
Өз кезегінде Қазақстан 2018-2019 оқу жылынан бастап мысырлық студенттерге еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 18 шәкіртақы бөледі.
1908 жылы құрылған Каир университеті Таяу Шығыста «әл-Азһар» университетінен кейін ең ірі жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта университетте барлық салаларды қамтитын 20 факультет, 10 ғылыми зерттеу институты, 1 обсерватория, 2 аурухана, 10 медициналық орталық қызмет көрсетеді. Каир университеті Таяу Шығыста орналасқанымен кейбір мамандықтар бойынша әлемдік рейтингтерде алдыңғы орындарды алады. Атап айтқанда, фармацевтика саласында топ-100, медицинада топ 250, инженерияда топ-200, химияда топ-300 қатарына кіреді. Каир университетінің түлектерінің ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары жазушы Н.Махфуз, саяси қайраткерлер Я.Арафат, М.Барадеи, сондай-ақ белгілі саясаткерлер мен ғалымдар бар. Университет Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған.