БІРЛЕСКЕН ҚАЗАҚСТАН-ГЕРМАНИЯ ЖОБАСЫ АЯСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде бірлескен Қазақстан-Германия жобасы аясында «GeKaVoc -Логистика, мехатроника және Қазақстандағы тұрақты энергиямен қамтамасыз ету бойынша кәсіптік және техникалық оқыту технологиясының трансферті» атты халықаралық семинар өтті.
Бұл жобаны Германияның Білім және ғылым министрлігі қаржыландырады. Бірлескен жобаға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қатысады.
Жобаның негізгі мақсаты – логистика, мехатроника және жаңартылатын энергия технологиялар саласындағы техникалық пәндер оқытушыларын қайта даярлау, кәсіптік оқыту және дайындау бойынша Қазақстан-Германия орталығын ашу, қолданыстағы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын әзірлеу және жетілдіру болып табылады. Жоба жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланыстарды орнатуға, сондай-ақ білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
Семинарды Отто фон Герике атындағы Магдебург университетінің жоба үйлестірушісі Кай Гляйсснер мырза және жоба менеджері, WMUGmbH компаниясының табиғатты қорғау технологияларын оқыту саласының өкілі Анико Мертен ханым өткізді.
Семинарға экономика және басқару, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ету және электрэнергетика кафедраларының 35 оқытушысы мен студенті қатысты.
Семинар презентация түрінде, сонымен қатар логистика, мехатроника және жаңартылатын энергия көздері саласындағы оқу орталығын құруын талқылау түрінде өтті. Cоңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.