ЕЭО ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ АССАМБЕЯСЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТПЕН ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Меморандум аясында Еуразия экономикалық одағының (ЕуразЭО) Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет қызылордалық мектеп бітірушілерге жыл сайын білім гранттарын бөлетін болады.
Астана қаласында Қызылорда облысының әкімдігі мен ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет арасында әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Кездесу аясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді оқытып, жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа баллы бойынша біздің облысымыз қазір үздік 5 аймақтың қатарында, ал 5 жыл бұрын соңғы 16-шы орында болатын. Ресейдің жетекші техникалық университеттерімен тығыз байланыс орнатудың арқасында бүгінгі күні 452 мектеп бітірушіміз Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларда үзік жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл студенттердің алғашқы легі диплом алады, олардың жұмысқа орналасу мәселесін біз алдын-ала пысықтап жатырмыз», - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде, Университет ректоры Ирлан Искаков ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейтінін және 1997 жылы құрылғанын айтты. Университет құрамында 3 институт, 4 факультет пен 17 кафедра бар. Негізгі мамандықтары - «Бизнес-информатика», «Юриспруденция», «Сервис», «Туризм», «Экономика», «Менеджмент», «Кеден ісі», «Жарнама және жұртшылықпен байланыс», «Конфликтология», «Дизайн», «Қолданбалы көркемөнер және ұлттық кәсіпшілік», «Сауда ісі», «Психология».