ҚАРА КЕМПІРДІҢ ҰЛЫ МЕН КЕЛІНІ (ӘҢГІМЕ)
‒ Әже-әже! Әже-ші, әже! Сүйінші! Сүйінші! Балаңыз келіншек әкелді! ‒ деп, тағы да тағы бірдеңе-бірдеңелерді айтып көршідегі келіншек таңмен талас алагеуімде табалдырықтан сүріне-қабына аттап кіріп келсін ентігіп.
‒ Сүйіншімді бересің ғой, я әже? ‒ деп Мәйештің дегібірін алып барады. Мәйеш:
‒ Не дейт жарығым-ау?! ‒ деп омалып намаз оқып отырған орнынан үш ұмтылып шақ тұрды. Жайнамаз жайына қалды. ‒ Алла, Алла, шынымен бе? Жеттім бе, жеткіздің бе...
Кемпір байғұс денесін игере алмай тәлтіректеді. «Апыр-ау, маған не болды, әлімнен айырылып...». Көңілге болмаса табан астында құлын тастаған биедей буын-буыны босап барады. Құдай-ау, өңім бе, түсім бе... ‒ дей берді апалақтап. Сол бойы:
‒ Сен неғып қалшиып қалдың? Мені сыртқа шығарсайшы... ‒ деді сүйінші сұрай келген келіншекке. Ол:
‒ А, ойбай-ау, шынында... ‒ деп кемпірді қолтығынан алды. Екеуі сүйемелдесіп сыртқа шыққанда, Ана алдында Айдай жарқырап ұлы, Күндей күлімдеп келіні қолұстасып тұрды.
Ажары атқан таңдай, ақша маңдай арудың сұлу лебі шарпығандай болды ма, Мәйеш талып түсе жаздады. «Айналып кетейіннің жүзі шамшырақтай екен». Қылтыңдаған шүйкебес та емес, шөпжелке бәлекей де емес, перизат па дерсің.
«Алла, кешіре гөр, тіл-аузым тасқа» деді ішінен аблығып. Қашан келінді болар екенмін деп санамен сарғайып жүрген байғұстың кәрі жүрегі атқақтап қоя берген. Еркек бала құсап спорттық порымда киініп алған ару тізесін бүгіп сәлем етті. Бұл дауысы дірілдеп:
‒ Бәрекелде. Мұңсыз бол, ‒ деді. Баласы қарап тұрмай:
‒ Міне, біздің Африканкамыз осы. Ауданда единственный. Әкем баяғыда қой бағып жүрген кезінде Африкаға командировкамен барып, ерітіп келген. Содан бері біздің үйде жүр, ‒ деді кәнігі әзілқойлығына бағып.
Ал Мәйештің көңілі де, көзі де басына әлі жаулық түспеген келінінде. Ұлының әзіліне жымиып күліп тұр. Мәйеш оны:
‒ Келші бері құлдығым, ‒ деп құшағына қысып екі бетінен, маңдайынан құшырлана сүйіп-сүйіп алды.
‒ Қадамың құтты болғай, шыбыным. Алла бағыңды ашқай, ‒ деді кемсеңдеп.
Тап осы сәтте Әбіләзи де абдырап сәмсіреген анасын аяп, толқып тұрған-ды.
‒ Африканка бізге қарамайын деді ме, келінін көргесін... ‒ деді жайраңдап.
‒ Ә-ә, қаңғыбасым, неше күн, неше түн болды жаман шешеңнің зәресін зәр түбіне кетіргеніңе, ‒ деп ұлын да құшақтай алды.
‒ Е, Алла, осы күнге жеткізгеніңе тәубе... ‒ деп кемсеңдеп жүріп, келінін табалдырықтан оң аяғымен аттаттырды. Сандықта келініме деп сары алтындай сақтап жүрген су жаңа ақ жібек бөрте шәлісі бар еді. Сонымен Гүлсінайдың жүзін жасырды.
Көрші-көлем де жиналып қалған. Келінді жылдап күткен ақ шымылдық құрылғанда үйдің іші жарқырап сала берді.
Беташар той сол күні-ақ басталып кеткен. Гүлсінайдың беті ашылысы-мен ағайын жасаулы дастарханды қаумалай қалған. Бабалардан қалған салт: келіннің қолынан шай ішіп баталарын бермек. Бәрінің назары Гүлсінайда. Ажары, бітімі мұншама келісті болар ма, етегі тобығына төгілген ақ көйлек, ақ жібек шәліге малынып, ішкі жан дүниесінің нұры сыртқа теуіп, аппақ жүзі сәулеленіп отыр. Құдды адамзаттан емес, перизаттан жаралғандай жарқы-рауын...
Енесінде ес жоқ: «Тіл-көздің сұғынан сақтай гөр» деп Алласына жалбарынумен болды. Шайды бабымен сәндеп құя алар ма екен деп те қобалжыған. Келіні қысылған жоқ, еркін. «Алла жарығымның жанына жамандық бермегей» деп күбірледі. Бір самаурын сарқылып екінші самаурын бұрқылдап келе қалғанда, Мәйеш: «Шіркіндердің аңқалары кеуіп қалған екен» деп іштей шайқорларға кейіп алды.
Көпшілікті шақырған үлкен той ертеңіне кешкілік аудан орталығын-дағы жалғыз ресторанда болды. Арнайы құрметпен шақырылған құдалар жағы келгенде, бұрын көрмеген ағайындар бәрінен де Гүлсінайдың Анасына таң қалып гуілдессін-ай!
‒ Анасын көр де, қызын ал деген. Пай-пай, пай! Келімі келген-ақ екен...
‒ Қара кемпірге Құдай берген, ә? Баласын бокстан спорт шебері дейтін, келінін де спорт шебері деп айтады. Волейболдан!
‒ А-а, солай ма?!
‒ Мә-ә саған...
‒ Қызық болғанда, көмірдей қара кемпірге маңдайын жарқыратып сүттей аппақ келінді бұйыртқанын айтсайшы...
‒ Ойпырмай десейші, жаман-жәутік кемпірдің аузының салымы барына не дерсің...
‒ Бала мықты ғой, бала мықты болса, солай болады...
Осылай гу-гу. Олар осылай желпінісіп жатқанда, қос құдағи құрметті төрде тізерлесіп отырған. Мәйеш құдағайымен іш ашысып әңгімелескісі келген, шүйіркелесіп. Сондағысы: келінім қазан-ошаққа ие бола ала ма, кір жуа ала ма, оқу-тоқудың ізімен кеткен бала ғой, сиыр сауа ала ма... болды.
Өмірін от басы, ошақ қасында күлді-көмеш күйбеңмен өткізген жарық-тықтан қайдан көсемсөз шыға қойсын. Құдағиы сыр берген жоқ. Кеудесін тік ұстап отырған қалпын бұзбай:
‒ Сиыр дейсіз бе? Дән саспаңыз. Келінің керек болса, жыланды да сауып береді, ‒ дегенде, Мәйеш:
‒ Алла-Құдай... ‒ деп шошып кетті.
‒ Шошыма. Келініңе екі бетімді алып-салып жүріп бәрін үйреткенмін. Ырысыңыз бар екен. Келінді соқтың. Әлі-ақ қолыңды жылы суға малып отыратын боласың, ‒ деп Мәйештің білегін қысып-қысып қойды.
Қара кемпір болса, көңілі көкке жеткендей қопаңдады...
Расында Құдай бере салған келіні анасының айтқанындай екен. Үйдің қам-қарекетін игеріп әкетті. Мәйеш «шүкірім-шүкірім» деп жүріп қолындағы кілттерін, қара шаңырақтың бар мүкәмалын келініне тапсырған. Әбіләзидің әзілімен айтқанда «шешесінің ұйқысы қанық, көңілі тоқ. Беззаботный. Коммунизмде ғұмыр кешіп жатыр». Ал келіні сиырды да сауды, кірді де жуды, тағамның да түр-түрін пісірді. Тігін машинасы бар екен, істі де тікті. Спортымен де айналысты. Дәрігерлігіне де үлгірді. Қажетінде күйеуінің велосипеді мен мотоциклін де жүргізіп жүре береді. Қабағын шытпайды. Жарқылдап, күліп-ойнап көңілді жүреді. Енесінің тұяғын қимылдатпайды. Иіліп сәлемін жазбайды. Жасы үлкеннің алдынан өтпейді. Құдайдың бергені сол.
Қызық болғанда, келінінің басқа да өнері барын алғаш көргенде, қара кемпіріңіз шалқасынан түсе жаздады, Алла-Құдайлап. Баласы күнде таңертең аулада тұрған турник пен гимнастикалық брусьяда ақ тер, көк тер ойнайтын. Оған көзі үйренген. Енді оған келіні қосылды. Жылдам-ақ! Алғашында: «Қарағым, бір жеріңді майып қылып аларсың» деп көрген. Келіні: «Мамка, мен үйренгенмін ғой, ештеңе етпейді» деп жұбатты. Мәйеш сонда: «Құдая тоба...» деген.
Әбіләзи спорт мектебіндегі мұғалімдігіне қоса аудан боксшыларын жаттықтыратын. Спорт шебері екенін білген биліктегілер Гүлсінайды да қыздар волейбол тобының бапкерлігіне бекітті, дәрігерлігіне қосып. Деген-дей, қара кемпірдің келіні командасын облыста алға шығаруға жанын сала кірісті. Қыздарын кейде көл жағасына алып кетеді, кейде жұмыстан кейінгі кешкілікте аулаға жинап жаттықтырады. Ойынға өзі де араласады. Сондайда Мәйеш келінінің көз ілеспес ұшқыр қимылына тоймай мәз болып отырғаны. Гүлсінай көкке шырқап ұшқан допты атылып барып, секіріп соққанда, екпініне төтеп бере алмаған қарсы беттегі қыз тыраң етіп жығылып жатады. Сол сәтте қара кемпір де бір қопаң етіп қалады. Өңі тұрғай түсінде көрмеген қызығы.
Ондайда, баласы келіншегіне: «Африканканы командаңа ал. Мынау-ский капитаның болады» дейді шешесін арқасынан қағып. Қыздар да ду-ду шулайды: «Алайық, алайық әжені» деп.
Содан не керек, бапкер болғалы «көмірдей қара кемпірдің сүттей аппақ келіні» атанған Гүлсінай көп ұзамай қызықшыл жұрттың назарына ілікті. Уақыт өте келе оның есімі естінің де, есердің де аузында жүрді. Бір үйден ерлі-зайыпты екі бапкердің шыққаны туралы гу-гу бірте-бірте аңызға айна-лып бара жатты.
Бірде Мәйеш, бастасы Шабыл шал кемпірімен үшеуі бір шақырыспаға барған. Ду-ду әңгімеде тілеулес көзтаныстар: «Келініңіз инабатты бала екен, алдына көрінуге барғанымызда, қабағын шытпайды. Бір бөлек бала өзі. Сөзі жұмсақ. Көргенді жас екені сияғынан білініп тұрады...» деп жүда ағынан жарыла мақтасын.
Қара кемпір шақырыспадан болып-толып қайтты. «Шүкірім сол» деп келеді. Жолда Шабыл шал:
‒ Сен, бастасым, жарылып кетпей неғып шыдап келесің. Жаңағылар-дың айтқанының қалпалы жоқ. Ұлың жұрттың он ұлына, келінің он келініне татиды. Сен Құдай берген кемпірсің. Жасыңда бейнетті көп көріп едің, еңбегің еш кеткен жоқ. Келінің алақанына салып бағып күтуде. Одан артық не керек. Еңбек қайтты деген осы ғой... ‒ деп шалқып келеді.
‒ Айналып кетейінім-ай, өзі бар ғой, баладан бөлек, ‒ деп Әтима замандасы да қосарланды. ‒ Көре қалғанымда бар-ау, осы іші-бауырым елжіреп қоя береді. Өзінің тізесін бүгіп сәлем бергені-ақ әдемі. Киім киісі де тал бойына жарасып тұрады...
Не керек, сол жолы Мәйеш құттыханасына қыжым шапанына симай келді. Сол күні келінін айналып-толғанумен болды.
Өмір солай өтіп жатты. Күндердің бір күнінде ұршығын біруақ иіріп болып, енді дем алып отырған енесінің алдына басын қойып, еркелеп жатқан келіні:
‒ Мамка, балық жегім келеді, ‒ деді алма беті балбұл жанып. Мәйеш:
‒ Е, құлдығым, балық деген дүкенге түспегенімен базаршылардан табылады ғой. Жүгіріп барып әкеле қояйын, ‒ деп түрегеле берді, құдды құлдилап жүгіре алатындай. ‒ Өзім асып, өзім түсіріп беремін. Құлдығың болайын, жолыңда жүрейін... ‒ деп шұбыртып барады.
Мәйеш ‒ балықшының қызы. Балықтың тәуірін де, пісіру бабын да біледі. Көзінің қарасындай жалғыз келінінен қай жанын аясын. Балықты баласына базардан көтере алдырып, сойдыртып, кеспелетіп, оны тоңызытқы-шына салып қойып, күнде шетінен асып беріп жүрді. Бабына келіп піскенше келіні қашан піседі деп шыдамайды мамкалап. Қазаннан түсіре бастағанда-ақ қолды салады. Мәйеш үйме табақ балықты келінінің алдына қойып:
‒ Жей ғой күнім, ‒ дейді. Күнде осы. Келіні балық жеп отырып бұршақтап терлейді. Ұйқышыл да болып алды. Бір күні түсірімді матадан кең етек екі көйлекті өзі пішіп, өзі тігіп алып, алма-кезек киіп жүретін болды. Мәйеш те қамдана бастады. Кезінде перзенттерін бөлеген құтты бесігінің теңін шешті. Келінін қасына шақырып алып: ‒ Мынау Әбілезжанның иісі сіңген жастығы, мынау сүйек шүмегі, мынау шыны түбегі, мынау шыттай жаңа жаялықтар. Ырымға деп алып қойған едім, ‒ деп бір-бірлеп көрсетіп жатты.
‒ Ал Әбіләзи болса, «Категория жизни» деген серияның үшінші шыға-рылымын оқып бітіріп, енді төртіншісін бастаған еді. Соны креслода жайбарахат оқып отыр.
О дариға-ай, не деген дәурен еді, естен кетпес...
/соңы/
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласы