ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ ҮЙЛЕСІМДІЛІК –КЕЛІСТІ ШАҺАР КЕЛБЕТІ
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша мәжіліс өтіп, онда ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 17 шілдедегі №1087 қаулысымен бекітілген «Қызылорда қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу» жобасы қаралды.
Мәжілісті ашқан аймақ басшысы соңғы бес жылда Қызылорда қаласының даму жағдайы едәуір өсіп, құрылыс саласы қарқынды жүргенін, облыс орталығында еңсесі биік ғимараттар көптеп бой көтергенін атап өтті. Онымен қоса, «Қызылорда-Жезқазған» бағытында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аймақ ашылып, Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары да кешенді түрде қолға алынғанын жеткізді. Елбасы өткен жылы Сыр еліне жасаған жұмыс сапарында сол жағалаудағы аумақты игеру жұмысымен танысып, өзінің оң бағасын берді. Ендігі мақсат, атқарылған игі шараларды қорытындылап, қаланың алдағы бес жылдықтағы даму жағдайын нақты айқындау. Бұл заман талабы. Өйткені, бүгінгі таңда республиканың стратегиялық мақсаттары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына тиісті өзгерістер енгізілген. Осы өзгерістер негізінде Қызылорда қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жоспарлануда. Аталған жұмыстарды осы салада тәжірибесі мол «Урбостиль» мекемесі жүргізеді.
Мұнан соң «Урбостиль» мекемесінің директоры Любовь Нысанбаева Қызылорда қаласының 2009 жылы бекітілген бас жоспарына өзгерістер енгізудің себептеріне тоқталды. Қаланың шекарасында Тасбөгет және Қызылжарма елді мекендеріне қатысты өзгертулер болуы тиіс. Қала солтүстік бағытқа, яғни Құмкөл бағытына қарай дамуына байланысты оның аумағы да өсіп отыр. Бас жоспардың бірінші кезеңінде қала аумағы 11 мың гектар болса, қазіргі күні ол 19690 гектарға жеткен.
Бас жоспардың екінші кезеңі 2025 жылға есептелген. Мекеме басшысы қаланың демографиялық өсуі жоспарға сай екенін жеткізді. Қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Қазіргі күні тұрғын үй қоры 5,4 млн шаршы метр болса, есепті кезеңде 8,6 млн шаршы метрді құрайтын болады. Бұл жақсы көрсеткіш саналады. Әлеуметтік нысандар бойынша есептік көрсеткіштер орындалуда. Балабақша бизнесінің даму қарқыны жағынан басқа облыс орталықтарынан көш ілгері тұр. Мектеппен қамтамасыз ету көрсеткіші де жаман емес. Инженерлік және көлік инфрақұрылымдары жақсы дамуда, алайда бас жоспардан ауытқушылықтар бар. «Урбостиль» басшысы қала халқының жасарып келе жатқанын атап өтті. Көп қалаларда балалардың үлесі тұрғындар санының шамамен 25 процентін құрайтын болса, Қызылорда қаласында ол 33 процентке жетіп отыр. Халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткіші де көңілге қонымды, 4,8 процент. Жалпы айтқанда, қала негізінен бас жоспарға сай дамуда. Бас жоспарға өзгерістер енгізіліп, олар қалалық және облыстық мәслихаттарда талқыланғаннан кейін мемлекеттік сараптамадан өтеді. Содан соң барып Үкіметке жіберіледі.
Аймақ басшысы осы ретте қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа «Сабалақ» саяжай кешенін қала аумағына кіргізу жөнінде тапсырма берді. Мәслихат шешімімен қала құрамына енгізілгеннен кейін оның дамуына қаржы бөлуге болады. Осыдан кейін облыс басшысы Қызылорда қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізуге қатысты өзінің бірқатар ойларын ортаға салды. Тұрғындар үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым маңыздылығы жағынан басты мәселе болып отыр. Әкімдік сайтына көшені жарықтандыру, жолдар және тротуарлар төсеу, су, жылу және газды үздіксіз беруге байланысты тұрғындар сауалдары жиі түсіп жатады. Қызылордалықтар жайлы өмір сүруі үшін сапалы жабдықталған инженерлік инфрақұрылымды талап етеді. Егер олай болмаса, уақыт өте келе қала құлдырап кетеді. Ендеше, қалалықтардың осында тұруды ұнатуы үшін Қызылорда қаласының инфрақұрылымы қандай болуы тиіс? Ол үшін бізге не жасау қажет? Осындай сауалдардың шешімін табуға қатысты облыс басшысы төмендегі мәселерді атап өтті.
– Ең бірінші кезекте, бұл аумақты тиімді пайдалану қажет. Агломерациясы мен инфрақұрылымы жайылып кетпеуі үшін қала өз аумағын тиімді пайдалануы керек, әйтпесе, бұл зор аумақтар үйлеспей даму барысында кедергі келтіруі мүмкін. Қала халқының саны 294 мың адамнан асты, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға бүгінгі күні 60 мыңдай адам кезекте тұр. Тиісті құжаттарға сәйкес жеткізілген инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы бар жер учаскелерін бөлу қарастырылған. Алайда, Қызылорда қаласы мен оның инфрақұрылымы болашақта тек аз қабатты жеке құрылыс есебінен ғана дами алмайды. Ниет білдірушілердің барлығына бірдей жер учаскелерін беру мүмкін емес. Инфрақұрылымды дамытуда қала тұрғындарының орналасу жиілігі өте төмен де, өте жоғары да болмауы тиіс деген ереже бар. Егер адамдар аз болса, онда инфрақұрылым өте қымбат болады да, қызмет көрсету дамымай қалады. Сондықтан, біз Қызылорда қаласы инфрақұрылымының алдағы дамуына көпқабатты және азқабатты құрылыстардың үйлесімділігі қолайлы деп білеміз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы екінші маңызды бағыт – көлік инфрақұрылымы кешенін дамыту екенін атап өтті. Оған қала инфрақұрылымы мен автомобиль жолдары, сапалы кварталішілік жолдар мен көпқабатты үйлердің кіреберістері, көпқабатты кварталдардың аулалары, веложолдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арбамен жүретін орындар кіреді. Яғни, бұлар бірдей дамуы қажет.
Облыс әкімі қаланың кеңістікте дамуын сол жағалауында құрылыс салудың басталуынан көруге болатынына назар аударды. Қазір қалада көлік инфрақұрылымы дамуда, көпір салынды, жол құрылысының, Сырдария өзенінің жағалауындағы бөгеттердің құрылысы мәселелері шешілді. Алайда, көптеген қалалардың, оның ішінде Қызылорда да бар көліктік инфрақұрылымының әлсіз дамуы салдарынан автомобильдің ұдайы өсу ағынына қауқары жетпеуде. Қаланың көліктерге және қаланың адамдарға деген үйлесімділігі шешілмей тұр. Көліктер жаяу жүргіншілерге қолайсыздықпен қатар қауіп тудыруда, соның салдарынан қалалықтардың еркін серуендеуден бас тартып, көлікті көбірек пайдалануына тура келеді, жүргіншілерді де, тұрғындарды да кептелістер қобалжытуда. Қалада көптеген көшелерде тротуарлар жоқ. Осы орайда аймақ басшысы облыс орталығының негізгі жолдары ретке келтірілгенімен, қала әкімдігі жүргіншілерге қолайлы болуымен қажетті деңгейде айналыспай отырғанын атап өтіп, шаһар басшысына бұған назар аударуды тапсырды. Бұл үшін бірнеше жағдайлар қажет: қоғамдық көліктердің оңтайлы жүйесі, қала ішіндегі автобустардың маршруттары ұзын болмауы тиіс, жол мен қиылыстардың құрылысы ең бірінші жүргіншілерге ыңғайлы болуы қажет.
– Әлеуметтік инфрақұрылымды қалыпты дамытудың да айтарлықтай маңызы бар, ол қаланың кез келген ауданында бірнеше балабақша мен мектептердің, дүкендер мен сауда орталықтарының, денсаулық сақтау мекемелерінің болуын қамтиды. Қаланың сол жағалауындағы жаңа шағын аудандарда да үйлер, балабақшалар, «Болашақ» университетінің кампусы және басқа да нысандар салынуда, яғни, өмір сүруге барынша жайлы жағдайлармен қалалық орта қалыптасуда, – деді аймақ басшысы.
Нысандардың қадамды қолжетімділігі – бұл инфрақұрылымды дамыту үшін міндетті жағдай. Нормативке сәйкес, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары үй жақын жерде орналасуы қажет, яғни, тұрғындарға барынша қолжетімді болғаны дұрыс. Алайда, бұл жағдай барлық уақытта орындала бермейді, мысалға, тұрғын үйлер қаланың тарихи орталығында немесе шет аймақтарда орналасқан болса, бұны міндетті түрде ескеру керек.
Облыс әкімі Қазақстанға келген көптеген шетелдік қонақтар үйлердің салынуындағы бірегейлік пен көңілсіздікті байқайтынына назар аударды. Бұл – барлығын бір стандартпен тұрғызған кеңестік дәуірдің «мұрасы». Әсіресе, бұған өткен ғасырда қаланы көбейтуге және оны бірдей блоктардан тұрғызуға болады деген идея қатты әсер етті. Сондықтан сыртқы әртүрлілік қажет. Психологтар мен әлеуметтанушылар құрылымдардың көптігі, үй фасадтарының алуандығы адамға жайлылықты сезінуге, тіпті қауіпсіздігі үшін де қажеттігін дәлелдеп отыр. Бұны дәлелдеу үшін тәжірибені әркім де жасай алады: адамдар көбінесе көшенің құрылымдары көп фасад жағымен жүреді екен, сол себепті, әр түрлі қызметтерге «ашық» бірінші қабаттар жұрт үшін тартымды болып отыр. Инфрақұрылымды қалыптастыруда мән беретін тағы бір аспект, бұл – полицентрлік. Оған сай қаланың көрікті жерлері мен игіліктері барынша бірқалыпты бөлінуі тиіс. Табысты қала – бұл болашақ жұмыс орындары, мәдени алаңдары мен баруға болатын басқа да орындары алдын ала есептелген, жоспарланған мекен.
– Сол жағалауда жастар орталығының, ІТ-технология саябағының құрылысы қарастырылған. Мұнда біздің жастарымыз өздерін бүкіл маңызды бір орталықта жүргендей сезінетін болады. Қаланың инфрақұрылымында қоғамдық кеңістіктер міндетті түрде болуы тиіс. Қаламызда олар өте аз, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Облыс әкімі қоғамдық кеңістіктер көп адам болатын орындар ғана емес екенін де еске салды. Бұл жерде ең бастысы қолжетімділік. Қаланың өмір сүруге қолайлығын білудің қарапайым әдісі бар – ол үшін көшелерде жас аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың аз, көптігіне назар аудару қажет. Бұл жерде нақты қолжетімділік те аса маңызды, яғни, барлық жерде пандустардың болуы және ортақ жайлылық. Егер ауа райы суық болса, онда кеңістік желден барынша қорғалуы тиіс, тіпті жабық болуы керек, ыстықтан да барынша қорғалуы тиіс.
Облыс басшысы заманауи қала адамдар үшін ең бірінші экологиялық өркендеген қала екенін жеткізді. Яғни, қоқыссыз, таза ауасы мен суы бар қала. Заманауи архитектураның классигі Ричард Роджерс 1990 жылдары Лондон үшін Темза жағалауына тіршіліктің қайта оралуын маңызды міндет деп есептеді. Ленинградтың бас архитекторы Николай Баранов 1940 жылдары Петербургке тән жаңа қалалық орта қалыптастыра отырып, қаланың жаңа аудандары Нева және шығанақ бойында дамуы қажет деп санады.
Облыс әкімі Қызылорда үшін арықтар арқылы қаланың барлық аумағын Сырдария өзені суымен қамтамасыз ететін 7 канал болғанын еске салып өтті. Бүгінгі күні қалада 17 канал және жалпы ұзындығы 97 шақырым болатын арықтар бар. Ал, Қызылорда қаласындағы көшелердің ұзындығы 619 шақырым. Демек, ұзындығы 500 шақырымнан астам көше сусап отыр деген сөз. Бұрын болған арықтар жүйесі бейберекет салынған тұрғын үйлер табанында қалды. Осыдан келіп қалада жасыл желек азайды. Ал, ағаштар қаланы жайлылықпен қамтамасыз етеді – бұл ауаны тазартатын, жел мен күннен, тіпті шудан қорғайтын қаланың «өкпесі» іспеттес. Олар ыстық күні қоңыр салқын леп беріп, шаңның көтерілуіне мүмкіндік бермейді, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасайды.
Аймақ басшысы аталған мәселелер бойынша қала әкіміне және бірқатар басқарма басшыларына екі ай мерзім ішінде бас жоспарға ұсыныстар дайындауды тапсырды. Сонымен бірге бұрынғы әскери комиссариаттың ғимараты тұсынан үрлемелі бөгет салып, қаланың экологиясын жақсарту қажет деген ойын жеткізді. «Қызылорда» су торабынан төменгі арнада судың деңгейін әрдайым жоғары ұстап тұрсақ, қаланың ауасы да жақсара түседі. Осы ретте Қырымбек Елеуұлы жобалық-сметалық құжаттамасы үшін облыстық бюджеттік комиссияға қаржы бөлу туралы тапсырма берді. Ал құрылысты қаржыландыруды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетімен келісіп отырғанын жеткізді. Ал, жұмылдыру басқармасы дарияның табанын тазалайтын жерснарядының жұмысын жолға қоюды келесі жылға жоспарлау қажет. Қаланың инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытудағы ескеру қажет аспектілер мен бағыттар осылар екенін айтқан аймақ басшысы сөз түйінінде облыс орталығының тұрғындары үшін жайлы және сапалы жағдай туғызу басты міндет екенін қадап айтты.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ