ИЛЬЯ ИЛЬИН ӨЗІНІҢ ҚАНША ЖАЛАҚЫ АЛАТЫНЫН АЙТТЫ
Әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин Sports True-ның Youtube арнасына берген ашық сұхбатында өзінің жалақысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің шотымда ешқандай ақша жоқ. Мен барлық ақшамды екі жыл саяхаттап жұмсап қойдым. Алайда мен "қайыр" сұрап қалған емеспін. Менің аздаған жалақым бар. Ақшаны оңды-солды шашуды тоқтаттым. Қазір мен құрамадамын, маған көп ештеменің керегі жоқ. Табысымды отбасыма, қызым Милананың қажеттіліктеріне жұмсаймын. Ақшам жетеді, оның үстіне мен қазір жалғызбын. Банкте жинаған ақшам жоқ, мен миллионер емеспін, тек жалақыға ғана өмір сүремін», - деді Илья Ильин өзінің сұхбатында.
Сондай-ақ, ол өзінің жалақысы шамамен екі мың доллар екенін айтты.
Айта кетсек, 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарының нәтижесі бойынша допинг пайдаланды деп айып тағылғаннан кейін Илья Ильин екі жылға дейін спорттан шеттетілген еді. Биылғы жылдың маусым айында спортшының дисквалификациялау мерзімі аяқталды.
Осы үзілістен кейін үлкен спортқа оралған Илья Ильин 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. Ильин 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Талдықорғанда өткен ел біріншілігін жеңіп алды. Ильин 172+208 келі зілтемірлерді жұлқи көтеруден Әлішер Оразбек пен Елдар Сембаевты артқа тастап, ең жоғары нәтиже көрсетті.