ОБЛЫСТА ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ӨТКЕН ЖЫЛМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА АЗАЙҒАН
2018 жылдың 8 айында облыс көлемінде 4850 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмендеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитов мәлімдеді.
- Бүгінде 10 мың халыққа шаққандағы қылмыстылық деңгейі біздің облысымызда 93 қылмысты құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республика көлемінде криминогендік ахуал тұрақты, әрі қауіпсіз облыстардың біріміз. Сонымен қатар, облыс көлемінде есірткі алқаптарын анықтау мақсатында барлық аудандарда дрондар алынса, департаментпен алыс қашықтықтан бақылау мақсатында көп функционалды ұшқышсыз басқару аппараты пайдаланылуда. Алдағы уақытта, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компанияның мүмкіндіктерін пайдаланып, облыс аумағындағы есірткі алқаптарын ғарыштан анықтап түсіру жұмыстары жүргізілетін болады», - деді Қ.Мұхитов.
Сондай-ақ, облыста жол қозғалысына бақылау күшейтіліп, соңғы үш жылдың ішінде автокөліктердің және жол тораптарының ұзындығы көбейгеніне қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны 12 пайызға азайған. Бұл, республика көлемінде жақсы көрсеткіштердің бірі.