ӨЗІҢЕ ҰНАМАЙТЫН ІСТІ ҚАЛАЙ АЯҚТАУҒА БОЛАДЫ?
Күнделікті өмірде жақсы қаражат табу үшін мұрыныңнан шаншылып жұмыс жасау қажет емес. Тек қана қызметтің көзін таба білу қажет. Роб Мур есімді Ұлыбританиялық автордың «Табыс табу қағидалары атты кітабында осылай қызмет жасаудың жолдары толығынан талқыланып, оқырманына түрлі ұсыныстар мен пайдалы кеңестер береді. Кітапта жақындарыңа, өзіңе уақыт бөле білу туралы, қалай үлкен мақсаттар қоя білу туралы, өз армандарыңызды құрбан етпей көздегеніңе жету жолдары туралы тараулар бар. Ендеше, кітапты басты назарға ала отырып, өзіңе ұнамайтын істі қалай аяқтауға болатыны туралы айтып көрелік.
Эмоцияңызды қолда ұстай алсаңыз, сіз бизнесте де, жеке өмірде де біраз жетістіктерге қиындықсыз жетесіз. Ашу мен шектен тыс қуану - кәсіп саласында көптеген дүниелерге кедергі болатын факторлар. Төменде жетістікке жетіп үлгерген адамдар қолданатын қағидалар туралы айтпақпыз.
Алдымен ең маңызды тапсырманы орындаңыз
Күнделікті тұрмыста, қызметте маңызды жұмыс болғанымен, сіздің оны орындағыңыз келмейтіні, оны орындаған уақытты босқа зая кетірдім деп ойлауыңыз – үйреншікті жағдай. Дегенмен, егер ол іс сізге белгілі бір мөлшерде пайда алып келетін болса, онда сіз оны орындауға тиістісіз. Өйткені, сол істі жүзеге асыру арқылы сіздің жетістікке жол ашатын мүмкіндіктер күтіп тұруы әбден кәдік.
Зауқың соқпаған істі де сапалы түрде атқарып шығуға болады. Ол үшін жұмыстың аяғына қарамай, белгілі бір бөлігін орындағанға дейін шағын межелер қойып отырыңыз және жиі-жиі аз уақыттық демалыс жариялап отырыңыз. Бұл әдістердің сізге пайдасы тиері сөзсіз.
Өзіңіздің іс-әрекеттеріңізді бақылауда ұстаңыз
Адам өзін-өзі бақылауда ұстап, шалыс басып жүргенін сезген уақытында тезге салып, түзеліп отырса, үлкен қиындықтарға, келеңсіздіктерге ұрына қоюы екіталай. Мысалы, сіз маңызды бір шаруамен шұғылданып отырғанда, электронды поштаңызды немесе әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларыңызды тексеріп, бір шолып шыққыңыз келеді. Осы уақытта өз-өзіңізге «жоқ» деген шектеу қоя алсаңыз, сіз белгілі бір мөлшерде уақыт үнемдейсіз.
Өзіңізді бір іспен шұғылданып жатқан уақытта басқа нәрсеге алаңдамауға үйреткеніңіз абзал. Өйткені, адам ойы бөлінгеннен кейін жасалынып жатқан шаруаның нәтижесі шикі болып шығуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, бір уақытта екі шаруамен айналысудың да жақсы әсер ете бермейтіні бар. Адам миында жұмыс жасап жатқан уақытта үлкен үдерістер жүріп жатады. Бірінші үдерісті тоқтатып қойып, екіншісіне көшу үшін біршама уақыт өлтіресіз және қай жерге тоқтағаныңызды, қай шаруа төңірегінде не ойлап тұрғаныңызды шатастырып аласыз.
Барлық назарыңызды бір бағытқа жұмсасаңыз, істің нәтижесі көңіл толтырарлықтай болып шығары анық. Ал сапалы нәтиже, сапалы өнім – сіздің іскерлігіңіздің, еңбек өнімділігіңіздің дәлелі.
Ең қиын әрекеттерді ең бірінші және барынша жылдам орындаған жөн
Адамдардың барлығында өзі жақтырмайтын, бірақ жасау керек деген типтегі дүниелер, іс-әрекеттер болады. Оларды барынша уақытында орындап, артқа қалдырмаған жөн. Нақты шешім қабылдаңыз да, қиындық пен жағымсыздық тудыратын әрекетті орындап тастаңыз.
Брайан Трейси «Бақа жеңдер!» деп айтады. Елестетіңіз, сіздің бір күніңіздегі ең қиын әрі жиіркенішті нәрсе – тірі бақаны жеу. Егер сіз бүгін орындалуы тиіс әрекетті таңертеңгі уақытта жүзеге асырсаңыз, кешке дейінгі уақытта ештеңеге алаңдамай жүресіз.
Орын алуы міндетті қиын әрекеттің ең дұрыс шешімі – оны жылдам әрі тез орындап тастау. Адам сол қиын әрекетті уағында орындамаса, оны ойлай беру арқылы одан әрі қиындата түседі.
Жоғарыда айтылған мысалдағы бақаны таңертең жеп қойған секілді өзіңіз үшін қиын деп есептейтін әрекетті ерте орындап үлгерсеңіз, сіз жеңілдікті сезінесіз. Сондай-ақ, сіздің миыңыз эндорфиндермен, бақыт гормонымен толығып, көңіл-күйіңіздің көтеріңкі жүруіне әсер етеді.
Өзіңіз қаламаған істі атқару қажеттілігі туындағанда, сол әрекетті жүзеге асырғаннан кейінгі сезілетін жеңілдік туралы ойлаңыз. Бұл сізге қиын әрекетті орындауға көмектесері анық.
Өз уақытыңызды қадағалаңыз және өзгелердің сіздің шешімдеріңізге билік жүргізуіне жол бермеңіз
Өмір өз уақытын жоспарламағандарға, жалпы адам баласына тосыннан жағымсыз жайттар сыйлауы мүмкін. сол жағымсыздықтардан қашу үшін сіз өз уақытыңызды маңыздырақ дүниелерді іске асыруға жоспарлап отырыңыз. Сондықтан, адамдардың барлық ұсыныстары мен өтініштеріне иіле кетпей, қажетсіз деп есептейтін әрекеттерден сыпайы бас тартуды үйреніңіз.
Егер сіздің жеке жоспарларыңыз болмаса, өзге адамның бөлігіне айналатыныңызды түсініңіз. Ең бастысы, өзгелер үшін қолайлы адам болмау керек.
Сіз біреуге шұғыл қажет болған жағдайда да барлығына бірдей сенім артудың қажеті шамалы. Өйткені, сіз жоспардан тыс бір әрекетке бару арқылы келеңсіздікке ұрынуыңыз әбден мүмкін.
Уақыт – сіздің қайта айналып келмейтін ең қымбат құндылықтарыңыздың бірі. Сондықтан, оны тиімді әрі пайда алып келетін әрекеттерге ғана жұмсаған жөн. Ең бірінші жақсылықты да, пайданы да өзіңізге жасаңыз.
Тапсырмаларды орындау барысында өз-өзіңізге адал болыңыз
Өз-өзіңді алдау – адамилыққа жат әрі үлкен қылмыс. Кез-келген адам қиындықтан қашу үшін, текке уақыт өлтіретін дүниелерді жасау үшін өз-өзін өз өтірігімен сендіре алады және өзінің сол әрекетін ақтап ала алады. Бірақ түсініңіз және сеніңіз: «ертең» деген сөз «ешқашан» деген сөзбен бірдей. Сонымен қатар, сізді «ауыр жұмыс жасадың» деп көндіретін, жалқаулыққа жетелейтін ішкі дауысыңызға көп құлақ аса бермеген жөн. Ал шын мәнісінде, сіз ары кетсе 5-6 сағат қана еңбек еттіңіз. Сеніңіз, сіз өзіңіздің ерік-жігеріңізді қамшылап отырсаңыз, бұдан да өнімдірек жұмыс жасауға қабілеттісіз.
Сіз белгілі бір жетістікке жетуді қаласаңыз, сол жолға мақсаттар қойып, жоспар жасап, сол бойынша әрекет етіп келе жатсаңыз, өзгенің сіздің жетістік шыңына жетер жолыңызды кесуіне жол бермеңіз. Өйткені, сіздің мақсатыңыз өзгелердің көңіліне қарағанда әлдеқайда маңызды.
Өзіңізді жігерлендіретін дүниелерді анықтап, соларды күнделікті жасауды дағдыға айналдырыңыз. Мысалы, таңертеңгілік бір шыны аяқ кофе ішу арқылы, бір әуен тыңдау арқылы, бір досыңмен сөйлесу арқылы, жаттығу жасау арқылы әркім әрқалай жігерленеді. Өз жолыңызды анықтап, сол әрекетті күн тәртібіне енгізіңіз.
Сізді жетістікке жету жолында алаңдататын дүниелерден арылыңыз. Олар сізге жағымсыз көңіл-күй сыйлауы мүмкін. Мысалы, артық салмақтан арылғысы келген адамдарға тоңазтқыштан немесе сөреден тәбет шақыратын тағамдарды алып тастау кәдімгідей үлкен көмек береді.
Өз-өзіңізді басқара алсаңыз, қажетсіз немесе босқа уақыт өлтіреді деп есептелетін дүниелерден бас тарта білсеңіз, сізде тұлғалық өсу үдерісі жүре бастайды. Ал адамның тұлғалық болмысы өскен сайын жетістікке жетер жолдары көбейеді.