ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА – ҚОҒАМ ИГІЛІГІ
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменовтің қатысуымен «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысына арналған брифинг өтті.
Тұрғындар тарапынан мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға қатысты сауалдар жетерлік. Мәселен, арендалық пәтерді қай санаттағылар ала алады? Несиелік тұрғын үйге өтініш беру тәртібі қандай? Жеке тұрғын үй құрылысына қалай жер алуға болады? «7-20-25» бағдарламасымен пәтер сатып алу үшін жалақы мөлшері қандай болуы керек? Осы және басқа да сұрақтарға мамандар жауап берді.
Бүгінде тұрғын үй кезегінде 27 мың адам тұр, оның 23 мыңы Қызылорда қаласының тұрғындары. Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік осал топты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленгенін атап өтті.
– Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған топтарының барлығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден бөлу туралы шешім қабылданды. Қызылорда қаласының сол жағалауынан 18 көпқабатты тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. 14 үйдің 4 және 5-ші қабаттарында 248 пәтер «Орда» бағдарламасына қатысады. Жергілікті атқарушы органдар жеке инвесторлардан осы пәтерлерді сатып алады. Тұрғын үйге мұқтаж отбасылар және осы бағдарламаға қатысушылар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да депозит ашу керек. Біздің мақсатымыз – өңірдегі әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін тұрғын үйді қолжетімді ету, – деді С.Сүлейменов.
Ипотекалық бағдарламалар барлығына бірдей қолжетімді емес. Сондықтан олар аталған бағдарлама арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 1,2 топтағы мүгедектер, оралмандар, мемлекеттік қызметшілер және 35 жасқа дейінгі екі жыл некеде тұрған жас отбасылар бастапқы төлемсіз қатыса алады.
Өңірде «Нұр Отан» партиясының бастауымен бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған «Қамқор баспана» және жас отбасыларға арналған «Жас арман» жобалары қолға алынды. Бұл бағытта аталған 20 проценттің 10%-і облыстық бюджеттен ұзақ мерзімге, көмек ретінде беріледі.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша өңірде екінші деңгейлі сегіз банк жұмыс істейді, оның жетеуі Қызылордада. Ипотекалық баспана тек жаңадан салынған үйден бері¬леді. Несие өсімінің мөлшерлемесі ешқандай комиссиясыз жылына 7 процентті құрайды. Бастапқы жарна – 20 процентпен, 25 жылға дейін беріледі. Ең бастысы, сатып алушының басында жеке үйі және ипотекалық несиесі болмауы шарт. Сондай-ақ, тұрақты табысы болуы керек. Мәселен, 10 миллион теңгелік несиені алатын болсаңыз, алғашқы жарнасы – 20 процент, яғни 2 миллион теңгені құрайды. 8 миллион теңгені 25 жылға шаққанда, ай сайынғы төлемі 56 мың теңгеге жуық болып шығады.
Сатып алынған тұрғын үйдің ең жоғарғы құны аймаққа байланысты. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары бойынша 25 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 15 млн.
Жиынға қатысушылар тарапынан «Баспана Хит» жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысты сауалдар қойылды.
– «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, яғни жаңа баспана сатып алуға болады. «Баспана» компаниясы осы ретте «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағытталған «Баспана хит» бағдарламасын жүзеге асыруда. Несие мерзімі – 15 жылға дейін, проценттік мөлшерлемесі 10,75 процентті құрайды. Бастапқы жарна баспана бағасының 20 процентінен басталады, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов.
Айта кету керек, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы тұрғын үй құрылысына 14 млрд теңге қаралған, оның 6,1 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысына, 7,9 млрд теңге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының 50 жобасына бөлінді. Облыс бойынша 1747 пәтерге арналған 69 үйдің құрылысы жүргізілуде.