Жолдау – жаһандық дамудың жолы
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққанын куә болып келеміз. Мемлекетіміздің құрылуының негізгі бағыттары, құқықтары мен қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген. Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының, 1-тармағына сәйкес Елбасымыз жыл сайын елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Халыққа жолдауын арнайды. Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік іргетасының берік қалануына Елбасы Жолдаулары басты негіз болып отыр. Елбасының Қазақстан халқына жолдауы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы басты іс. Себебі Жолдаудың мақсаты мен міндеттері бір жылдан бір жылға жалғасын тауып, бір – бірімен ұштасып, тұтас дүниеге қол жеткізуді көздейді. Президенттің халыққа жолдауы мемлекеттің дамуын жаңаша деңгейге көтеруді, өткен олқылықты түзеуді, жаңа көзқарас қалыптастыруды, шетелдік тәжірибені саралауды, пайдалысын алып, тәжірибеге енгізуді ұсынып қана қоймай, нақты дәлелді көрсеткіштерге негізделген стратегиялық бағыттарды ұстануды тапсырады. Еліміздің әлеуметтік мемлекет ретінде дамып, қалыптасуының нақты бағыттары Президенттің жыл сайынғы Жолдауларынан маңызды орын алады.
Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты бағыт етіп ұстанады, оған бағытталған міндеттерді іске асыру үшін нақты іс-шараларды жеке-жеке атап көрсетті.
«Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деген Мемлекет басшысы жаңа технологиялық қалыптың пайдасын талқылап берді. Елбасының сөзімен айтатын болсақ «Біз әлем елдерінің сенімі мен құрметіне бөленіп, брендке айналған тәуелсіз Қазақстанды құрдық». Қандай керемет! Елбасының бұл сөзі сол сәтте – ақ қанатты сөзге айналғаны анық. Сондай-ақ, Елбасы өз Жолдауында Қазақстанның жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылуы үшін бірнеше міндеттерді шешу керек екендігін алға тартты. Президенттің халық алдына ұсынған 10 міндеттің ішіндегі тоғызыншы міндетке ерекше тоқталатын болсам, ол- Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жемқорлық, оның ішінде сыбайлас жемқорлық- мемлекеттік міндет атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мүліктік пайда көру үшін өкілеттіктерін өзгеше мақсатта пайдалануы, жеке өзі немесе делдалдар аоқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарға қол жеткізуі, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың аталған игіліктері мен артықшылықтарын құқыққа қайшы сатып алуы. Осылайша, қолында билігі бар кез келген адам өзіне тиесілі емес қандай да бір ресурстарды өз қалауы бойынша бөлу арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол беруі мүмкін. Сыбайлас жемқорлық – кез келген өркениетті мемлекеттің алдында тұрған мәселе және үлкен қылмыс. Қылмыстың бұл түрі елдегі режимге, ондағы басқару нысанына, идеологияға қарамастан кең етек жайып отыр.Бұл мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің материалдық тұрғыдан төмен қамтамасыз етілуінен, яғни төмен жалақы алуы мен материалдық ынталандырылудың аздығынан ғана емес, бұл қанағатсыздық, тойымсыздық және ұлтқа, елге деген жанашырлықтың жоқтығынан туындайды.Мемлекеттік саясатты, экономиканы елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда, құқықтық тәртіп пен заңдылықтың нығаюында мемлекеттік қызметшілердің, лауазымды тұлғалардың атқаратын міндеті өте зор. Елімізде қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы», « Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңдарда мемлекеттік аппарат қызметінің бір қалыпты, дұрыс, заңды қызметіне кедергі келтіретін құбылыстарға қарсы құқықтық шаралардың түрі саралап көрсетілген. Бірақ сот, тергеу тәжірибесі көрсетіп отырғандай мемлекеттік Үкімет және басқару билігі саласында, сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстар әлі де баршылық.
Елбасымыз өз Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жайтты саралап беріп қана қоймай, орындалуы тиіс нақты-нақты бағыттарды да көрсетіп берді. Атап айтатын болсақ, жемқорлыққа қатысты қылмыстарға пара алу жатады, сонымен қатар жер телімдерін бөлуде, субсидия беруде теріс мақсатты көздеу, мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде бюджеттік қаражатты ұрлау.
Елбасы жемқорлықтың түп тамырына балта шабылмайынша, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрестің тоқтатылмауын тапсырды, яғни мемлекеттік органдардағы процестерді, халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын, халық жазған өтініштердің орындалу барысын сырттай қадағалап, бақылап отыру, дер кезінде сапалы жауап алу үшін барлық жүйені цифрландыру қажет екендігін айтты.Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту, қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін заңнама тұрғысында күшейту, оның әсері қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізу, адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясын кеңейту, құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегін айқындау, азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру сияқты жұмыстарды жалғастыруды, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интелектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізуді тапсырды. Еліміз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім орнығып, ел экономикасы мен саясаты көш ілгеріледі.
Қорыта айтқанда, Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары Қазақстанның әлем кеңістігінде мықты елдер қатарынан көріну үшін, қуатты мемлекет болу үшін бар күш-жігерін жұмсауды мақсат етеді.
Р.ТІЛЕУМҰРАТОВ,
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті
ЗК-169/1 мекемесінің мекеме бастығының тәрбие
жөніндегі орынбасары әділет капитаны.