ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТИІМДІ ШАРТТАРМЕН ҰШТАСАДЫ
Халықаралық әріптестікті дамытуға арналған ІХ «Baikonyr invest» инвестициялық форумы аясында Қызылорда облысы әкімдігі Қытай елінен келген ірі өндіріс кешендерінің өкілдерімен әлеуметтік-экономикалық әріптестік байланыста тығыз жұмыс жасауға ниетті екендіктерін білдірді. Бұл жайында «Қазақстан және Қытай арасындағы ынтымақтастық» секциясы жұмысында мәлім болды.
«Бұл байланыс қос тарап үшін де мол мүмкіндік береді», деген облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері мен даму келешегі туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Соңғы жылдары біз Қытай мемлекетімен тығыз әріптестік орнаттық және алдағы уақытта да ынтымақтастық аясындағы қарым-қатынасымыз нығая береді. Өңірде барлық сала бойынша өсім бар. Бұл инвесторларға қолайлы жағдай туғызады. Бүгінде өңірде аспан асты елінің жеті ірі өнеркәсібі жұмыс істеп, ел бюджетін толықтыруға үлес қосып келеді. Болашақта Қытай елімен сауда-экономикалық, әлеуметтік қатынасымыз жандана беретін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Секция жұмысы барысында Шиелі ауданында салынып жатқан цемент зауыты инвестициялық жобасының өкілі «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС басқарушы директорының орынбасары У Чжэньхуа сөз алды.
– «China Gejuba Group Cement» корпорациясы – цемент өндірісі бойынша Қытайдағы ең ірі кәсіпорын. Ол ҚХР үкіметі қамқорлыққа алған алпыс ірі компанияның қатарында. Корпорацияның 18 еншілес кәсіпорны бар. Жылына түрлі маркалы 25-30 миллион тонна цемент шығаратын өндіріс Қытайдағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың ондығына енген. Мұнай-кен орындарына және басқа да арнайы жерлерге цемент қоспаларын дайындау бағытында да өндіріс орны үздік саналады. Компания әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін әрдайым жұмыс бағытын жетілдіріп отырады. Осы мақсатта бірнеше елдерге инвестиция құйып, көлемін арттыруда. Енді Шиелі ауданында іске қосылатын ірі зауытта жылына бір миллион тоннаға дейін цемент шығарып, 400-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмысқа тартамыз, – деді ол.
Мұнан соң, «Қазақстан даму банкі лизинг» АҚ басқарма басшысының орынбасары Жанар Ибрашева банктің қаржылай қолдауы, лизинг алудың артықшылықтары жайында баяндады.
– Лизингтің банк несиелеріне қарағанда басты артықшылығы – кәсіпорындар үшін қолжетімділігі. Бірде бір банк, мысалы, «нөлден басталатын» жобаларды, тәуекелі жоғары жобаларды қаржыландырмайды. Ал лизингтік компаниялар жабдықты лизингке беру рәсімі несиелендіруге қарағанда қарапайым болады. Осы орайда «ҚДБ-Лизинг» АҚ құралдары лизинг алушы кәсіпорынның қызмет бағыттарына, оның мүмкіндіктеріне, жоба мөлшеріне және дербес артықшылықтарға байланысты ұсынылатын қаржы лизингтерінің әр алуан түрлерін ұсынады.
Қытайлық «Dayuan Group» компаниясының директоры Ванг Диенфэенг мырза Сыр елінен ауылшаруашылық тыңайтқыштарын өндіру жобасын қолға алып, құрылысын жүргізбек. Сонымен қатар, азот тыңайтқышын өндіретін химиялық зауыт салуды да көздеп отырғанын жеткізді. Ал, «Petrosilkway» ЖШС-ның коммерция жөніндегі директоры Лю Ци ханым аймақта өндірістік парк құрылысы жобасын салуды, оны Қытай еліндегідей дамытуды және газ-химия өндірісіне қажетті зауыт ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
Шара соңында қытайлық кәсіпорын жетекшілерімен ынтымақтастық, кәсіпкерлік аясындағы келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.