Кене шаққан 1102 адам көмекке жүгінген
Қызылордада конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары аяқталды.
Облыста өткен және биылғы жылдарда конго-қырым геморрагиялық қызбасы оқиғалары тіркелген елді мекендерге ерекше назар аударылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ұлбосын Аханаева мәлімдеді.
Облыста қолайсыз аймаққа жататын шаруашылықтар мен құрылыс нысандары және төрт түлік малдарына залаласыздандыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 35,5 мың мал қоралары және 500 мыңнан астам ірі қара мен ұсақ малдар залалсыздандырылған.
Сонымен қатар халықтың эпидемиологиялық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен 202 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.
Бұдан басқа, қолайсыз елді мекендерде санитарлық қорғау аймағын құру үшін республикалық бюджеттен 73 млн. теңге қаржы қаралды. Нәтижесінде 127 конго-қырым геморрагиялық қызбасынан зардап шеккен аумақтарда санитарлық-қорғау аймақтары құрылып, 9570 гектар жер залалсыздандырылды.
-Кенелердің таралу аймағын анықтау және олардың қаншалықты қауіпті екенін бағалау үшін облыста 4177 кене түрі жиналып, оның ішінде 149 сынама конго-қырым геморрагиялық қызбасына оң нәтижелер көрсетті, - дейді Ұлбосын Аханаева.
Аймақта жыл басынан бері кене шаққан 1102 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында болған.