Қызылорда облысы: Арал және Қазалы аудандарында әлеуметтік нысандар ашылды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазалы ауданында Әйтеке би ескерткіші мен Мемлекеттік рәміздер алаңы, ал, Арал ауданында сот ғимараты ашылды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысып, аудан тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Қазалы қаласында биіктігі 20 метр болатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы орнатылған Мемлекеттік Рәміздер аллеясы ашылды. Естеріңізге сала кетейік, Конституция күні қарсаңында Мемлекеттік Рәміздер аллеясы Арал ауданында да ашылған еді. Мұндай аллеялар облыстың басқа да аудандарында салынатын болады.
Аллеяның ашылу рәсімінде аймақ басшысы «Елтаңба мен Көк Туға, Гимнге тағзым - тарихқа тағзым, оларға құрмет – елге құрмет. Өйткені, мемлекеттік белгілеріміз – елдің құты, ырыс-қасиеті» деп атап өтті.
Қазалы ауданының орталығы, Әйтеке би кентінде Кіші жүздің биі – Әйтеке би ескерткіші ашылды. Монумент авторы - Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, мүсінші Қазбек Сатыбалдин. Ескерткіштің биіктігі - 12 метр. Ескерткіштің ашылуына арнайы Өзбекстан Республикасының Науаи облысындағы Әйтеке би кесенесінен топырақ әкелінді.
«Республика көлемінде Әйтеке биді есте қалдыру бағытында біраз жұмыстар атқарылды. Оның атында аудан, көшелер, ауыл бар. Осы ауданның орталығы да – Әйтеке бидің есімімен аталады. Өткен жылы бабамыздың еңселі ескерткішін орнату туралы шешім қабылдаған едік. Бүгін міне, Әйтеке бидің ескерткіші де өз тұғырына қонды. Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Патриотизм ең алдымен туған жерге, өз ауылына, қаласына, өңіріне және кіші отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алады» деген болатын. Ал, қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, ілгері дамыту ұлтымыздың ұлы адамдарының үлгі-өнегесін ұрпаққа дәріптеу арқылы жүзеге аспақ. Олай болса, Әйтеке бидей ұлыларды ұлықтау - бүгінгі ұрпақтың азаматтық парызы», - деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын тарих ғылымдарының докторы, этнолог Ахмет Тоқтабай және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов құттықтады.
Іссапар барысында облыс әкімі Қазалы ауданындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан орталығын ұлғайту және абаттандыру мақсатында Әйтеке би кентін көрші елдімекен – Қазалы қаласына біріктіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Екі елдімекен арасын 11 гектар аумақ бөліп жатыр. Онда 24 кәсіпкерлік нысан салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қазалы қаласының автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Бұдан басқа, 600 орындық мәдениет үйі мен мекемелер құрылысы жүргізілуде, 250 орындық 12 екі қабатты тұрғынүй құрылысы жобасы дайындалды және жабық базар салуға жер учаскесі бөлінді.
Сондай-ақ бүгін Арал қаласында аудандық сот ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Аудандық сот бұрын 1940 жылы салынған ескі ғимаратта орналасқан болатын. Бүгінде сот қызметкерлеріне ыңғайлы кабинеттермен, күту залдары және мұрағатқа арналған арнайы орынмен қамтылған екі қабатты ғимарат салынып отыр.
«Елімізде сот жүйесіндегі жаңғыртулардың табысты жүргізілуі оның материалдық-техникалық базасына байланысты болмақ. Осы ретте, өңірімізде сот қызметкерлеріне және сала мамандары үшін еш кедергісіз жұмыс істеуге көптеген мүмкіндіктер жасалып отыр. Бұл дегеніңіз - мемлекет тарапынан көрсетілген зор қолдау. Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін дер кезінде және толыққанды қорғау - басты міндет. Енді жаңа ғимарат сот жүйесінің жұмысын жетілдіріп, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғайтын орын болады және қызметкерлердің адал еңбек етуіне тың серпін береді деген ойдамын», - деді аймақ басшысы.
Естеріңізге салайық, қараша айында Арал ауданында 150 орындық орталық аурухана мен 300 орындық мектеп ашылған болатын.