Елбасы кітапханасы Зияткерлік мектепте семинар-тренинг өткізеді
Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ең алдымен мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.
Мектеп директоры Бахыт Әмірханұлы Зияткерлік мектептің негізгі жұмысы мен оқушылардың жетістігі, түлектердің табысы және білім бағдарламасының шетелде мойындауы туралы ақпарат берді.
Мектепті аралау барысында қонақтар оқушылар әзірлеген ағаш, қыш бұйымдары мен кескіндеме суреттері қойылған шығармашылық көрмесін тамашалады. Содан соң, заманауи үлгіде жабдықталған кітапханада болып, 27 мыңнан астам қазақ, орыс және шетел жазушыларының кітап қорымен танысты.
Сонымен қатар робототехника курсы бойынша да оқушылардың жұмыстарын көрді. 12-сынып оқушысы Владимир Коряк автоматтандырылған автожолдар қиылысын таныстырды. Оның айтуынша, «ақылды» жолдар жобасы көлік кептелісін азайтуға үлкен септігін тигізеді. Әмірхан Рахымжанов жас жеткіншектің жұмысын жоғары бағалап, тақырыптың өзектілігін атап өтті.
«Мемлекет сапалы білім алу үшін үлкен мүмкіндіктер беруде. Болашақта, ғылыми жаңалықтар мен инновациялық өнертабыстардың авторы болып, туған елдің дамуына аянбай еңбек ететіндеріңізге сенімдімін», – деді Әмірхан Рахымжанов
Экскурсия соңында қонақтар алдағы уақытта Қызылорда облысында ұйымдастырылатын «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясындағы шараларды талқылады. Елбасы кітапханасының өкілдері Зияткерлік мектепте мемлекет басшысының өмірі мен қызметін насихаттау арқылы оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында семинар-тренингтер өткізуді жоспарлап отыр.