Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары режиссер Хұсейн Әмір-Темірмен кездесті
Қызылорда қаласы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дәстүрге айналған «Даналық бейсенбі» жобасы аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, елімізге белгілі қоюшы режиссер, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темірмен кездесу өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz мектептің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хұсейн Жүсіпұлы көптеген театрда әртүрлі жанрда 200-ден астам спектакль қойған. Сұхбат режиссердің балалық шағына деген саяхатынан басталды. Құрметті мейман кездесуге қатысып отырған оқушылар мен мұғалімдерге үздіксіз армандаған адам өз мақсатына жететіндігін айтты. Хұсейн Әмір-Темірдің бала күніндегі «актер болам» деген арманы оны бас режиссерге дейін жеткізді.
Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған белгілі өнер майталманы сөз арасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты көптеген қойылым қойғанын тілге тиек етті. Белгілі өнер иесі елін құрмет тұтқан, қазақтай елдің намысын қорғаған тұлғаларды сахналап, халық арасында олардың есімін жаңғыртуға өз үлесін қосқанын да ауыз толтырып айтуға болады.
Болашағын өнермен байланыстырғысы келетін оқушыларға Хұсейн Әмір-Темір кітаптарды көп оқып, кейіпкерлердің құпия сезімін ашып үйренуге кеңес берді. Театр адам жанын тәрбиелейтін ең үлкен мектеп екенін айта кетіп, қойылымдарға жиі барудың маңыздылығын түсіндірді.
Айта кетейік, мектепке келген мейманның жетістігіі мол. Хұсейн Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклі 2018 жылы Шотландияда өткен «Фриндж» халықаралық өнер фестивалінде қойылып, ағылшын халқының ықыласына бөленген. Қазақ театрының дамуына өзіндік үлес қосқаны үшін Хұсейн Жүсіпұлы бірнеше мәрте ҚР Мәдениет министрлігінің және Қызылорда облысы әкімінің Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Кездесу соңында құрметті қонақ зияткер оқушыларға салиқалы батасын беріп, жас өнерпаздармен естелік суретке түсті.