Қызылордадағы халыққа тегін қызмет көрсеткен медицина ұйымдарына 8,1 млрд. теңге төленді
1 ақпандағы мәлімет бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен Қызылорда облысы бойынша жеткізуші компанияларға 8,1 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті (ТМККК) шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 19,5 пайызын құрайды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті. Егер сұраныс күшейген жағдайда Қор қосымша қаражат бөледі. Қордың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан қаржыны өзге қаражат көздерінен алып, қайта бөліске салу тиімдірік болып отыр», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектұбаев.
Қаржыны қайта бөліске салу үшін медицина ұйымдарының өкілдері Қорға өтінім жолдайды. Өтініш заңда белгіленген тәртіп бойынша қаралады.
Медициналық сақтандыру қоры емдеу мекемелерімен ТМККК пакеті шеңберінде халыққа тегін көмек көрсету жөнінде келісімшарттар бекіткен болатын. 2019 жылы бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасы 41,7 млрд теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6 % пайыз көп.
Биылғы жылы Қызылорда облысы бойынша, мемлекеттік тапсырысты 74 медицина ұйымы орындамақ. Оның 44 – жеке меншік. Биыл жеке клиникалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 7-ге көбейген.
Жалпы республикада мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке меншік медицина ұйымдарының саны жағынан Шымкент, Астана, Алматы қалалары, Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстары көш бастап тұр.
Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алумен айналысады.