Университет грант ұтып алды
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы шеңберінде грант ұтып алды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Биылғы жылдың 8 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасының ЖОО-да технологияларды трансферттеу/коммерцияландыру бойынша кеңселерді іріктеу конкурсының жеңімпаздарын жариялады.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті байқауға қатысушылар арасында ең жоғары баға алып, грант иегері атанды. Университеттің жеңіп алған 98 995 000 теңге көлеміндегі гранты «Қазақстан Республикасының орнықты дамуы мен өсуін алға жылжыту шеңберінде бағдарламалық жобаларды іске асыру» 153 бюджеттік бағдарламасы бойынша қаржыландырылады.
Байқау комиссиясы патенттер мен ғылыми-зерттеу жобалары үшін алынған гранттар санына, қаржыландыру көлеміне назар аударды. Сондай-ақ, мамандарды оқытуға да баса мән берілді. Оған қоса, шетелдік ғылыми ұйымдары, зерттеу институттары, ғылыми жұмыстармен айналысатын компаниялармен ынтымақтастық байланысы да маңызды болды.
Грант университеттің қуаттылығын арттырып, институционалдық әлеуетін күшейту мақсатында тегін берілді. Университет Дүниежүзілік банктің үйлестіруімен жобаны басқару комитеті бекіткен Технологияларды трансферттеу/коммерцияландыру бойынша кеңселерді жүзеге асыру жоспарын басшылыққа алатын болады.