Биыл елімізде 500-ден астам елді мекен су астында қалуы мүмкін
Қазақстанда мыңнан астам гидротехникалық құрылыстар бар. Олардың 30 пайызы жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz
«Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Еліміздегі 1 мыңнан астам гидротехникалық құрылыстың 453-нің тозығы жеткен.
Қазір елімізде су астында қалуы мүмкін 505 елді мекен бар. Бұл ауылдар негізінен Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында орналасқан. Осыған байланысты су тасқыны болған жағдайда іске кірісетін жедел бригадалар құрылды. Олар 2 мыңнан астам арнайы теxникамен жабдықталған. Сондай-ақ ішінде инертті материалдары бар 56 мың қап әзірленген. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде теxниканың жұмысын бір сәтке де тоқтатпас үшін 360 мың тонна мөлшерінде жанармай қоры жасақталған. Ал энерго-кәсіпорындар су басу қаупі жоғары аймақтарда электр желілерін тексеруді қолға алды.
«2018 жылы «Қазгидрометтің» гидрологиялық болжамдарды әзірлеу жүйесінде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтемін. «Қазгидромет» 2019 жылғы 1 наурыздан бастап синоптикалық болжамдар негізінде апта сайын негізгі гидрологиялық болжамдар ұсынатын болады. Осы болжамдар гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгерген кезде, әрбір 3 күн сайын нақтыланады. Бұл ретте «Қазгидромет» Солтүстік Америка елдеріндегі су тасқыны және гидрологиялық болжау туралы ескерту жүйесін негізге алып отыр», - дейді ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.